
ГФР Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың Жоғары Сот Кеңестің төрағалары Э.Әзімова, А. Мерғалиев, Д. Шипп, ҚР Президентінің көмекшісі Е. Жиенбаев, сондай-ақ Парламент депутаттары С. Имашева, А. Арғынбекова, Е. Болгерттен тұратын қазақстандық делегация Германия Федеративтік Республикасына барды.
Жұмыс сапарының негізгі мақсаты конституциялық құқық саласындағы тәжірибені зерттеу және бөлісу болды. Қазақстандық делегацияның 2022 жылғы республикалық референдум қорытындысы бойынша Қазақстанның конституциялық реформасын іске асыру, Конституциялық Соттың құрылуы мен қызметі, оның мемлекеттік жүйедегі тежеу мен тепе-теңдікте маңызды институт екендігі туралы ақпараты Бундестаг депутаттарының ерекше қызығушылығын тудырды. Баден-Вюртемберг федералды жерінің Президенті, ГФР Федералды Жоғарғы Сотының Төрағасы және судьялары Қазақстанның сот жүйесіндегі сандық технологияларды енгізудегі шараларын ерекше бағалады. 47 елді біріктірген Еуропалық Сот төрелігі комиссиясының мәліметі бойынша, Қазақстан 2023 жылы IT-технологияларды қолдана отырып, тиімді сот төрелігі рейтингінде үшінші орынға ие болған.
Берлин мен Баден-Вюртембергке сапар барысында диалогты жандандыру үшін федералды үкіметтің, қауымдастықтардың және қорлардың өкілдерімен кездесулер өткізілді.
Ф. Эберт атындағы және IRZ қорларымен заң шығару және сот төрелігі саласындағы, оның ішінде Германия-Орталық Азия ынтымақтастығы нысанында одан әрі ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді.
Мемлекеттік хатшы Сюзанна Бауманн бастаған федералды сыртқы істер министрлігінің делегациясымен ЕҚЫҰ-ның аймақтық деңгейде құқық үстемдігі мен сот төрелігіне қол жеткізуді нығайтуға қосқан үлесінің болашағы талқыланды.
ҚР Конституциялық Сотының басшысы екіжақты кездесудің маңыздылығын атап өтіп, мұндай диалог құқықтық мәселелерді неғұрлым тиімді шешуге және институционалдық қатынастарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Ол Германияның Қазақстанмен әріптестік қарым-қатынастарды нығайтуға жоғары қызығушылық танытып отырғанын, әсіресе біздің еліміздің Орталық Азия аймағында құқықтық өзгерістер саласындағы саяси реформаларды жүргізудегі белсенді рөлін ескергенін атап өтті.
Төрт күндік сапардың нәтижесінде тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту және нығайту ниеті туралы келісімге қол жеткізді.