
Конституциялық Сотта Төраға мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) Орталық Азиядағы өңірлік өкілі Ашита Миттал ханыммен кездесуі өтті. Кездесуге БҰҰ ЕҚБ қылмыстың және қылмыстық сот төрелігінің алдын алу мәселелері жөніндегі үйлестірушісі В.Ткаченко, Қазақстандағы БҰҰ ЕҚБ бағдарламалық кеңсесі басшысының міндетін атқарушы М.Сариева және Орталық Азия бойынша БҰҰ ЕҚБ бағдарламаларын басқару жөніндегі үйлестіруші А.Бахадиров қатысты.

Кездесуге қатысушылар құқық үстемдігін нығайту және адам құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды және Конституциялық Соттың осы мақсаттарға жетуге қосқан үлесін талқылады. Сондай-ақ, әйелдердің сот төрелігі саласындағы, оның ішінде судьялар ретінде өкілдік ету мәселелері, кәсіби тәжірибе мен дағдылармен алмасу үшін Орталық Азия шеңберінде олардың күш-жігерін шоғырландыруды дамыту, қазақстандық конституциялық бақылау органының әділ қылмыстық сот төрелігін, қоғамдық және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі шешімдерінің рөлі айтылды.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар БҰҰ ЕҚБ ақпараттық базасына қол жеткізуді қамтамасыз ету, Конституциялық Сот Аппараты мен конституциялық іс жүргізуге қатысатын мемлекеттік органдар, заң қоғамдастығы қызметкерлерін сараптамалық қолдау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі ынтымақтастық және бірлескен жобаларды іске асыру туралы келісімге келді.