
Конституциялық Сотқа азаматтан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының бірінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.
Өтініште ӘҚБтК-нің 608-бабының бірінші бөлігінде (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін азаматты жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру негізсіз болып табылатыны және оның қызмет түрі мен кәсіпті еркін таңдау құқығын бұзатыны айтылған.
Өтініш беруші бұл қосымша жазаны көлік құралын басқаруға құқығы жоқ азамат (ӘҚБтК 608-бабының алтыншы бөлігі) дәлі осындай құқық бұзушылық жасағанда оның жүргізуші куәлігін алу мүмкіндігі сақталатынын айтып, ол жағдаймен салыстырғанда мөлшерлес емес деп санайды.
ӘҚБтК көрсетілген нормасының конституциялылығын тексеру қорытындысы бойынша Конституциялық Сот мыналарды атап өтті.
Конституцияда заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, елде заңды негізде жүрген әрбір адамның Қазақстан Республикасының аумағында еркін жүріп-тұру құқығы бекітілген. Жеке және қоғамдық көлік – бұл адам құқығын жүзеге асырудың маңызды құралы. Сонымен бірге, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру басқалардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылысқа және қоғамдық имандылыққа қол сұқпауға тиіс. Конституцияның аталған ережелері адамдардың (жолаушылардың, жаяу жүргіншілердің және басқалардың) өмірі мен денсаулығына, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық имандылыққа төнетін қатерлерді ескере отырып, жол қозғалысы саласы үшін өзекті болып табылады.
1948 жылы 10 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы да әр адам тек басқалардың құқықтары мен бостандықтарын тиісті түрде тану мен құрметтеуді қамтамасыз ету және демократиялық қоғамдағы моральдың, қоғамдық тәртіптің және жалпы әл-ауқаттың әділ талаптарын қанағаттандыру мақсатында тек заңда белгіленген шектеулерге ғана ұшырауға тиіс.
Жолдардағы қауіпсіздікті арттыру жөніндегі халықаралық алаңдаушылыққа сүйене отырып, Қазақстан ратификациялаған БҰҰ-ның Жол қозғалысы туралы конвенциясы жүргізушінің міндеттерін және қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамаға сәйкес жүргізуші куәлігінен айыру мүмкіндігін бекітеді.
2014 жылғы 17 сәуірдегі «Жол жүрісі туралы» Заң жол жүрісі саласындағы мемлекеттік саясат қағидаттары ретінде жол жүрісіне қатысушылардың өмірі мен денсаулығының басымдықтарын және мемлекеттің жауапкершілігін, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде жол жүрісіне қатысушылардың, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін сақтауды және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жүйелі көзқарасты бекітеді. Осы қағидаттарды басшылыққа ала отырып және көлік құралын басқаруға байланысты құқық бұзушылықтар, сондай-ақ салдарлар мен тәуекелдер туралы деректерді талдауды ескере отырып, заң шығарушы негізгі және қосымша жаза (жазалау) шараларын көздей отырып, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті белгіледі.
Бас прокуратураның деректері бойынша 2014 жыл мен 2023 жылғы қыркүйекті қоса алғандағы аралық кезеңде Қазақстанда 158 мың жол-көлік оқиғасы (бұдан әрі – ЖКО) салдарынан 22 мыңнан астам адам қаза тауып, 205 мыңнан астамы түрлі мертігу, жарақат алған. Масаң күйдегі жүргізушілердің қатысуымен 6400-ден астам ЖКО орын алып, 1426 адам қаза тапты, 8607 адам түрлі мертігу, жарақат алған.
Тексеру нәтижелері бойынша Конституциялық Сот көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі қосымша әкімшілік жаза Конституцияға қайшы келмейді деген қорытындыға келді. Аталған құқықтан айыру заң деңгейіндегі уақытша шектеу болып табылады. Азамат басқа қызмет пен кәсіпті таңдау мүмкіндігін сақтайды.
Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 608-бабының алтыншы бөлігі көрсетілген құжатты алғанға дейін мұндай бұзушылықтың қайталап жасалуының профилактика (алдын алу) бойынша мемлекеттік саясатқа жауап бермейді.
Осы тексерулердің қорытындысы бойынша Конституциялық Сот Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының бірінші бөлігі Конституцияға сәйкес келеді деп таныды. Сонымен қатар, анықталған құқықтық сәйкессіздіктерді ескере отырып, Үкіметке Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыру мақсатында көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқарғаны үшін жеке тұлғалардың жауаптылығын құқықтық реттеуді жетілдіру туралы мәселені қарауды ұсынды.
Нормативтік қаулының толық нұсқасымен сілтеме арқылы танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/542602?lang=kk