
Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова, КС төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов және КС судьясы Қанат Мусин Нархоз университеті жанындағы Еуразиялық экономикалық және құқықтық зерттеулер орталығы ұйымдастырған «Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстері жаңа конституциялық өлшемде» халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
Конференция жұмысына мемлекеттік органдардың, Қазақстанның және шет елдердің ғылыми қауымдастығының өкілдері, Парламент депутаттары, қолданыстағы құқықтың әртүрлі салалары мен заң ғылымының сарапшылары, сондай-ақ жетекші ұлттық және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Төраға Эльвира Азимова өз сөзінде Конституциялық Сот өзінің нормативтік қаулыларында заңнаманы дамыту үшін маңызды құқықтық позцияларын тұжырымдайды және Негізгі Заңға сәйкес келмейтін нормаларды қолданыстағы құқықтан жоятынын атап өтті.
Бақыт Нұрмұханов өз кезегінде «Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары Қазақстанның Қылмыстық және Қылмыстық-процестік заңнамасын одан әрі жетілдірудің негізі ретінде» атты баяндама жасады. Ол Қылмыстық заңнамаға тұжырымдамалық тұтастық пен жүйелілік беру, конститутциялық нормалардың бірізділігі мен сақталуын қамтамасыз ету үшін реформалар қажет екенін атап өтті.
Пікірталас қатысушыларға қылмыстық заңнаманы одан әрі оңтайландыру жолдарын талқылауға һәм Қылмыстық кодекс және Қылмыстық-процестік кодексі жобаларының идеяларында, ережелерінде және нормаларында конституциялық құндылықтарды іске асыру үшін пікір алмасуға мүмкіндік берді.