Конституциялық Сот заңсыз кәсіпкерлік қызмет үшін қылмыстық жауаптылықтан босатудың Конституцияға сәйкестігін тексеруде

Конституциялық Сот заңсыз кәсіпкерлік қызмет үшін қылмыстық жауаптылықтан босатудың Конституцияға сәйкестігін тексеруде

Конституциялық Сот ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабына ескертудің Конституцияға сәйкестігі туралы іс бойынша конституциялық іс жүргізуге қатысушыларды тыңдады. Іс азаматтың арызы бойынша қозғалған. Сот отырысында оның мүддесін адвокат білдірді.   

Дауланған норма залалды ерікті түрде өтеген жағдайда заңсыз кәсiпкерлiк, заңсыз банктік, микроқаржылық немесе коллекторлық қызметті алғаш рет жасағанда қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігін қарастырады.

Өтініш авторы заңсыз кәсіпкерлік қызметті алғаш рет жасаған, бірақ ешкімге залал келтірмеген адамдарға мұндай мүмкіндіктің жоқтығын көрсетеді. Оның пікірінше, бұл жағдай заң мен сот алдында барлығының теңдігі конституциялық принципіне қайшы келеді.

Отырыс барысында КС судьялары өтініш субъектісінің адвокатының, Бас прокуратура, Қаржы мониторинг агенттігі, Әділет министрлігі өкілдерінің, сондай-ақ сарапшының ұстанымдарын тыңдады.

Конституциялық Соттың қорытынды шешімі Конституциялық Заңның 65-бабына сәйкес жарияланатын болады.