TURK-AY Қазақстанда: түркі елдерінің конституциялық соттары серіктестікті дамытуда

TURK-AY Қазақстанда: түркі елдерінің конституциялық соттары серіктестікті дамытуда

Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотында Түркі әлемінің конституциялық юрисдикциялары конференциясының (TURK-AY) III отырысы өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия мемлекеттерінің конституциялық соттарының төрағалары және Әзірбайжан конституциялық бақылау органының судьясы қатысты.

Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова тарихы мен мәдениеті ортақ түркі халықтары үшін TURK-AY шеңберіндегі конституциялық бақылау органдарының ынтымақтастығы мен тәжірибе алмасуының ерекше маңызын атап өтті. 

Қатысушылар аппарат қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру бойынша семинарлар ұйымдастыру, жеке-дара өтініштерді қарау және конституциялық бақылау саласында тәжірибе алмасу саласында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар мәселелерді талқылады.  

Отырыс барысында Азимова жаңартылған форматында қайта құрылған ҚР Конституциялық Сотының Түркі әлемінің Конституциялық юрисдикцияларының конференциясына қосылуы туралы актіге қол қойды.

Сондай-ақ, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында ҚР Конституциялық Соты мен конференцияға қатысушы мемлекеттердің конституциялық бақылау органдары арасында өзара түсіністік туралы Меморандумдарға қол қойылды.