Қазақстан жаһандық диалог алаңына айналуда: әлемнің 30 елінен келген конституциялық соттардың судьялары құқықты қорғау және үстемдігін қамтамасыз ету саласында тәжірибе алмасты

Қазақстан жаһандық диалог алаңына айналуда: әлемнің 30 елінен келген конституциялық соттардың судьялары құқықты қорғау және үстемдігін қамтамасыз ету саласында тәжірибе алмасты

Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығына арналған «Конституциялық Сот төрелігі: баршаға қадір-қасиет, бостандық пен әділдік» атты халықаралық конференция өтті.

ҚР Президентінің көмекшісі Ержан Жиенбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық конференцияның қатысушыларына, ұйымдастырушылары мен қонақтарына жолдаған сәлемдемесін жеткізді.

Мемлекет Басшысы Конституциялық Сот төрелігі демократиялық қоғамның маңызды элементтерінің бірі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың кепілі екенін атап өтті.

«Конференцияның бүкіл әлем үшін іргелі құжат – Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының қабылданғанына 75 жыл толу қарсаңында өтуінің символдық мәні зор. Декларация адам құқықтарын қорғау және насихаттау саласындағы кең ынтымақтастықтың қажеттілігін көрсетеді. Қазақстан бұл тәсілді толығымен қолдайды», - делінген жеделхат мәтінінде.

Диалог алаңына әлемнің 30-дан астам елінен, соның ішінде Еуропа, Азия және Африка елдері конституциялық соттарының судьялары, адам құқықтары жөніндегі уәкілдері және құқық қорғаушы мекемелердің өкілдері жиналды.

Шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің, мемлекеттік органдардың басшылығы, Парламент депутаттары, Бас прокурор, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, кәсіби заң және ғылыми қоғамдастықтардың өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың, соның ішінде Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясы (Венецияндық комиссия), БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЕО, Еуропа Кеңесі, Германия халықаралық құқықтық қоры ынтымақтастығы (IRZ), Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық соттың өкілдері және басқалар қатысты.

Шараны Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова ашып, қатысушыларды Қазақстан Конституциясы күнімен және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығымен құттықтады. Ол мемлекет, қоғам мен адам мүдделері арасында мөлшерлес, тұрақты және бейбіт теңгерімдікті табу, қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге сай келетін, адамды және тумысынан тиесілі құқықтарын қорғайтын құқық үстемдігін қамтамасыз ету ортақ міндет, сондай-ақ бүгінгі Конференцияның басты тақырыбы екенін атап өтті. «Конституциялық бақылау органдары Негізгі заңның үстемдігін қамтамасыз ете отырып, адам мен азаматтың осы құқықтары мен бостандықтарын қорғауда», - деді Азимова.

Конференция барысында қатысушылар адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау құндылықтарын насихаттаудағы конституциялық бақылаудың рөліне байланысты өзекті мәселелерді талқылады.

Азимованың айтуынша, қазіргі уақытта азаматтардың Конституциялық Сотқа тікелей жүгіну және құқықтық актілердің заңдылығына дау айту мүмкіндігінің арқасында қазақстандық конституциялық бақылау органы 40-қа жуық құқықтық норманың конституциялылығын қараған. Оның 7-еуі конституциялық емес деп танылса, 13-і Конституциялық Соттың түсіндірмесінде Конституцияға сәйкес деп танылғанын атап өтті.

Сондай-ақ, конференция аясында ҚР Конституциясына, Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясының 75 жылдығына және ҚР Конституциялық Сотының құрылуына арналған пошта маркаларын айналымға шығарудың салтанатты рәсімі өтті.

 

Анықтама:

Конституциялық Сотқа азаматтардан 4050 өтініш келіп түсті.

Өтініш берушілерге Конституциялық Сотқа жүгінудің нысаны, мазмұны және шарттары бойынша талаптардың сақталмауына байланысты 3779 өтініш қайтарылды.

Конституциялық Соттың 27 Нормативтік Қаулысы қабылданды, оның ішінде азаматтардың өтініштері бойынша – 21.

142 өтініш қарауда, оның ішінде:

13 өтініш конституциялық іс жүргізуге қабылданды;

16 өтінішті судьялар алдын ала зерделеуде.