
Бүгін еліміз Конституция күнін - Ата заңда бекітілген іргелі құқықтар мен бостандықтардың құндылығын еске салатын ерекше күнді атап өтуде.
Қоғамда конституциялық құқықтарды насихаттаудың трендке айналуы - қуантарлық жағдай. Бұл үрдіске қатысқан әрбір адам елдегі тұрақтылық пен заңдылықтың қамтасыз етілуіне баға жетпес үлес қосып жатыр.
Бұл тұрғыда Конституциялық Сот үшін бүгінгі күн айрықша маңызға ие. Себебі конституциялық бақылау органының иығына құқықтық мемлекеттің іргетасы болып табылатын конституциялық қағидаттарды қорғау және сақтауда ерекше жауапкершілік артылған. Бұл күн біз үшін жетістіктерімізді және Конституцияда бекітілген қағидаттарды атап өтіп қана қоймай, осы қағидаттарды күзетудің маңыздылығын баса айту.
Жаңартылған нысанда қайта құрылған Конституциялық Соттың өз жұмысын 2022 жылғы конституциялық реформа нәтижесінде қабылданған Конституцияның жаңа редакциясын басшылыққа ала отырып бастауы жақсылықтың нышаны деп білеміз. Жаңартылған Конституция қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғыртудың, саяси трансформацияның, мемлекеттің әлеуметтік рөлін және құқық қорғау тетіктерінің әлеуетін күшейтудің құқықтық негізін салды.
Конституциялық Сот жұмыс істеген 8 айда азаматтар өз өтініштерінде заңдардың жекелеген ережелерінің Ата заңға сәйкестік мәселелерін әділ түрде көтергені байқалады. Осы уақыт аралығында өз құықтарын қорғауды талап етіп 4 мыңға жуық азамат жүгінді.
Бұл отандастарымыздың жаңа органға деген қызығушылығын ғана көрсетіп қоймай, сондай-ақ өз конституциялық құқықтарын қорғауға деген шынайы ниетін көрсетеді. Конституциялық Сот заң үстемдігінің құндылығын ұстанатындардың барлығына сенімді тірек бола білуде.
Біздің күш-жігеріміз демократияны нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталып, конституциялық қағидаттар әділетті қоғам құруға септігін тигізетін біздің бағыт-бағдарымыз болсын деген тілек білдіремін.
Баршаңызға амандық, елімізге өркендеу тілеймін.
Құрметпен, Эльвира Азимова