Конституциялық Сотқа азаматтардан түскен өтініштердің қаралу кезеңдері

Конституциялық Сотқа азаматтардан түскен өтініштердің қаралу кезеңдері

1-қадам: Конституциялық Сот Аппараты өтініштерді қабылдауды және олардың белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруді мыналар арқылы қамтамасыз етеді:
📨 электрондық үкімет порталы (ЭҮП) немесе e-Otinish;
📍010000, Астана қ., Мәңгілік Ел, 13 мекенжайы бойынша қағаз түрінде.

Өтініш талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, Аппарат оны «Конституциялық Сот туралы» Конституциялық заңның 47-бабының негізінде өтініш берген азаматқа қайтара алады. Кемшіліктер жойылғаннан кейін азамат өтінішті Конституциялық Сотқа қайта жіберуге құқылы.

2-қадам: Белгіленген талаптарға сәйкес келетін өтініш Конституциялық Соттың судьяларына алдын ала зерделеу үшін беріледі. Талаптар «Конституциялық Сот туралы» Конституциялық заңның 44 және 45-баптарында көзделген.

3-қадам: Тағайындалған судья-баяндамашы (судья-баяндамашылар) өтінішті алдын ала зерделеу нәтижелерін Конституциялық Соттың отырысында баяндайды. Талқылау қорытындысы бойынша судьялар дауыс беру арқылы конституциялық іс жүргізуге өтінішті қабылдау немесе оны қабылдаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Қабылданған шешім туралы конституциялық іс жүргізуге қатысушылар бес жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етіледі.

4-қадам: судья-баяндамашы Конституциялық Соттың өтінішті жан-жақты қарауы үшін материалдарды жинауды, дайындауды жүзеге асырады. Материалдарды қарауға дайындау кезінде судья-баяндамашы тиісті лауазымды адамдардан сұхбат алуға, ғалымдарды, сарапшыларды (мамандарды), аудармашыларды тартуға және тексерулер, сараптамалар, зерттеулер жүргізуді тапсыруға құқылы.

5-қадам: Конституциялық іс жүргізуге қабылданған өтінішті қарау Конституциялық Соттың отырыстарында жүргізіледі. Қажет болған жағдайда конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың және басқа да шақырылған адамдардың түсіндірмелері мен сөйлеген сөздері тыңдалуы мүмкін.
 
Конституциялық Сот қандай қорытынды шешім қабылдайды?

6-қадам: Конституциялық Сот нормативтік қаулы түріндегі қорытынды шешім қабылдайды, оны өзінің интернет-ресурсында және белгіленген БАҚ-та жариялайды, конституциялық іс жүргізуге қатысушыларға жібереді. Қорытынды шешім қабылданған күннен бастап күшіне енеді, бүкіл аумақта қолданылады және шағымдануға жатпайды.

Конституциялық іс жүргізуді тоқтату

Конституциялық іс жүргізу кез келген кезеңде, бұл жағдайларда тоқтатылады:

▪️өтініш берушінің берген жолданымды кері қайтарып алған;
▪️тиісті құқықтық қатынастарға қолданылуы жалғастырылатын жағдайларды қоспағанда, конституциялылығына дау айтылып жатқан актінің күші жойылған немесе заңдық күшi жойылған;
▪️мәлiмделген жолданым Конституциялық Соттың ведомстволық қарауына жатпаған;
▪️осыған ұқсас мәселе қойылған басқа жолданым бойынша Конституциялық Соттың қорытынды шешімі қабылданған жағдайларда тоқтатылуға жатады.

Конституциялық Соттың мәлiмделген жолданым бойынша конституциялық iс жүргiзудi тоқтату туралы шешiмi жолданым субъектiсiн Конституциялық Сотқа осындай негiздер бойынша қайтадан жүгіну мүмкiндiгiнен айырады.

Өтініштерді қарау мерзімдері:

- Өтініш конституциялық іс жүргізуге қабылданған күннен бастап үш ай ішінде қаралады. Өтініштің күрделілігін және қосымша зерттеу қажеттілігін ескере отырып, мерзімдер ұзартылуы мүмкін.

Конституциялық Соттың қорытынды шешімі қандай болуы мүмкін

Өтінішті қарау қорытындысы бойынша Конституциялық Соттың мынадай мазмұндағы нормативтік қаулысы қабылданады:

▪️заңды немесе өзге де құқықтық актіні не олардың жекелеген ережелерін Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп тану туралы;
▪️заңды немесе өзге де құқықтық актіні не олардың жекелеген ережелерін Конституциялық Сот берген түсіндірмеде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп тану туралы;
▪️заңды немесе өзге де құқықтық актіні не олардың жекелеген ережелерін Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп тану туралы нормативтік қаулылардың бірін қабылдайды.