Түркітілдес елдердің конституциялық бақылау органдарының (TURK-AY) бірінші отырысы өтті

Түркітілдес елдердің конституциялық бақылау органдарының (TURK-AY) бірінші отырысы өтті

Бакуде Әзербайжан Республикасы Конституциялық Сотының 25 жылдығына арналған халықаралық конференция аясында түркітілдес елдердің конституциялық бақылау органдары (TURK-AY) конференциясының бірінші отырысы өтті.

Отырысқа Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан конституциялық соттарының төрағалары қатысты. Қатысушылар аппараттарының, оның ішінде баспасөз қызметтерінің құзыретін арттыру мақсатында алдағы бірлескен шараларды, конституциялық өтініштерді қарау кезінде қолданылатын жаңа тәсілдерді талқылады.

Әзербайжан мен Қырғызстан конституциялық соттарының төрағалары осы жылдың басынан бері қабылданған шешімдер туралы айтып берді. Өзбекстан Конституциялық сотының басшысы 2023 жылғы 9 шілдеге жоспарланған Өзбекстан Республикасы Президентінің сайлауына дайындық барысы туралы айтып берді.

Эльвира Азимова Конституциялық Сот аппараты қызметкерлерінің құзыретін арттыру, конституциялық іс жүргізу мәселелері бойынша тақырыптық тәжірибе алмасу бойынша тұрақты бірлескен іс-шаралар өткізу арқылы конституциялық бақылау органдарының әлеуетін арттырудың маңыздылығын атап өтті. 

Конференция хатшылығы қызметін атқаратын Түркия Конституциялық Сотының Төрағасы түркітілдес елдердің конституциялық бақылау органдары конференциясының ақпараттық цифрлық платформасы (түрік тарапының қолдауымен) жұмысының басталғаны туралы хабарлады. Ол Конституцияның үстемдігі идеяларының рөлін ілгерілету және ұлттық заңдылық пен мемлекеттілікті қамтамасыз етуде адам құқықтарын қорғау мақсатында басқа елдердің конституциялық соттары, түркітілдес елдердің басқа да мүдделі органдары арасынан бақылаушыларды бірлескен шараларға қатысуға тұрақты негізде тартуды ұсынды.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар 2023 жылдың соңына дейін қызметкерлер үшін тақырыптық оқыту тренингтері және ағымдағы жылдың қыркүйек айында Астанада конференцияның екінші отырысын өткізуге келісті.