Азамат сайлау заңнамасының ережесіне дау айтып шағымданды

Азамат сайлау заңнамасының ережесіне дау айтып шағымданды

Конституциялық Сотқа азамат К.П.Жандарбеков Конституцияның 33-бабының 3-тармағына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 4-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкестігін қарау туралы өтінішпен жүгінді.

Өтініш иесі сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адамның жалпыға бірдей сайлану құқығының шектеулерін белгілейтін нормаға дау айтып отыр. Атап айтқанда, ол мұны Конституцияның 33-бабының 3-тармағында көзделген Парламент, мәслихаттар депутаттығына, әкімдерге сайлану, сондай-ақ аталған адамдар үшін өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органының мүшелігіне кандидат болу конституциялық құқығын бұзады деп есептейді.

Отырыс барысында судьялар өтініш субъектісін, Бас прокуратураның, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Орталық сайлау комиссиясының, Әділет министрлігінің және Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдерін тыңдады.

Конституциялық Соттың қорытынды шешімі Конституциялық заңның 65-бабына сәйкес жарияланатын болады.