Еуразиялық конституциялық бақылау органдары қауымдастығына қатысушы мемлекеттердің өкілдері БАҚ-пен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады

Еуразиялық конституциялық бақылау органдары қауымдастығына қатысушы мемлекеттердің өкілдері БАҚ-пен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының бастамасымен Еуразиялық конституциялық бақылау органдары қауымдастығына қатысушы мемлекеттердің конституциялық соттарының өкілдерімен олардың қызметін БАҚ-та жариялауға қатысты мәселелер бойынша сараптамалық кездесу ұйымдастырылды.

Онлайн-кездесуге Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты Аппараты Басшысының орынбасары Ерлан Сапаров, Тәжікстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Чамшедзода Чамшед Назаршо, Өзбекстан Республикасы Конституциялық Соты Аппаратының Басшысы Нилуфахрон Саид-Газиева, сондай-ақ Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Моңғолия конституциялық соттарының БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі бөліністерінің қызметкерлері қатысты.

Конституциялық Сот Аппараты Басшысының орынбасары Ерлан Сапаров өз сөзінде әріптестеріне 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңартылған нысанда жұмыс істей бастаған қазақстандық конституциялық бақылау органының жұмысы туралы ақпаратпен бөлісті. Ол соттардың қызметінде жариялылық пен ашықтық қағидаттарын сақтаудың маңыздылығын һәм БАҚ-та конституциялық іс жүргізуді жариялау алгоритмін әзірлеу қажеттігіне назар аударды.

Кездесу барысында тараптар БАҚ өкілдерінің отырыстарға қатысу тәртібі, конституциялық соттар судьяларының ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, сондай-ақ отырыстарды интернет-ресурстарда жариялауға байланысты пікірмен және практикалық тәжірибелерімен алмасты.

Қатысушылар өзекті мәселелер бойынша одан әрі де ынтымақтастық және ақпарат алмасу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.