
«Астана» Халықаралық Экономикалық Форумы аясында (2023 жылғы 8-9 маусым, Астана) құрылған Іскер әйелдер Жаһандық кеңесінің (Global Businesswomen Council) бірінші отырысы өтті. Іс-шара мемлекеттік сектор мен бизнес топ-менеджментінің, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарының, ЕҚЫҰ мен БҰҰ институттарының 20-дан астам өкілдерін біріктірді.
Отырыста әйелдер кәсіпкерлігі секторын дамыту, ерлермен қатар әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігі мәселелерін ілгерілету, әйелдер көшбасшылығын дамыту, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, озық халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, тәжірибе алмасу және әйелдердің кәсіби құзыреттілігін дамыту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау үшін сот төрелігі мен құқық үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан мен Орталық Азия шеңберінде іскерлік байланыстарды нығайту перспективалары талқыланды. Тиісті мақсаттар мен индикаторлар БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарының жаһандық күн тәртібіне (ТДМ) енгізілген.
Эльвира Әзімова отырысқа қатысушыларға Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының қызметі, оның құқық үстемдігін қамтамасыз етуге және адам құқықтарын қорғауға қосқан үлесі туралы айтып берді. Ол бұл мәселелер ақпаратқа қол жеткізу, білім беру, мәдениет, экономикалық мүмкіндіктерді дамыту бойынша кепілдіктермен қатар кемсітушілікке кедергі келтіретінін және ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз ететінін атап өтті. Барлық қатысушылар осы саладағы жоспарлы мемлекеттік саясат кәсіпорындардың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігінің тұрақты дамуына, мемлекеттердің экономикалық өсуіне және азаматтық бастаманың дамуына ықпал ететінін атап өтті.