Конституциялық Соттың судьялары М. Нәрікбаев атындағы КазГЮУ-дың шақыруымен Қазақстан Республикасындағы Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының (GIZ) қолдауымен Астанаға келген ГФР ғалымдарының делегациясымен кездесті. Сапар барысында ұйымдастырушылар Университет базасында барлық ниет білдіргендерге Неміс құқығы күндері аясында ашық дәрістер өткізді.
Конституциялық Сотта делегацияны қабылдау барысында шетелдік ғалымдар қазақстандық конституциялық бақылау органының міндеттері мен өкілеттіктерімен танысты, құрылған ғылыми-консультативтік кеңес туралы ақпарат алды.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар жалпы конституциялық шағымға, конституциялық іс жүргізуге қатысуға, өтініштерді қарауға және конституциялық бақылау органының шешімдеріне қойылатын құқықтық талаптарға қатысты мәселелер бойынша пікір алмасты.
Германдық тарап сараптамалық қорытындылар бойынша тәжірибе алмасуды және мамандардың қатысуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ неміс конституциялық бақылау органының мамандарын шақыруды қоса алғанда, ынтымақтастықты жалғастыруға қызығушылық танытты.