КС Төрағасы Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты

КС Төрағасы Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты

Жоғарғы Сотта «Сот және құқық қорғау жүйесіндегі жасанды интеллект және үлкен деректер (Big Data): шындық және уақыт талабы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Шараға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, жоғары оқу орындарының өкілдері, Парламент депутаттары, ғалымдар, ТМД елдерінің жетекші заң университеттерінің сарапшылары қатысты.

Қатысушыларды Жоғарғы Соттың Төрағасы Асламбек Мерғалиев, Бас Прокурор Берік Асылов, Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Әзімова, ТМД елдері бас прокурорларының Үйлестіру кеңесінің Атқарушы хатшысы Владимир Зимин қарсы алды. Халықаралық конференцияны Жоғарғы Сот ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисінің қолдауымен ұйымдастырды.

Конференцияға қатысушылардың өкілді құрамы, оның ішінде жетекші отандық және шетелдік мамандар мен практиктер адам конституциялық құқықтарын қорғауға, сот төрелігі жүйесінің сапасы мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуге байланысты осы бағыттағы өзекті мәселелерді талқылауға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

Конституциялық Сот Төрағасы өз сөзінде Big Data дәуіріндегі IT-технологиялардың даусыз артықшылықтарына қарамастан, сот ісін жүргізуді жеңілдету және жеделдету мақсатында жасанды интеллектті пайдалану, сот төрелігі жүйесінде негізгі құқықтарды құрметтеу, кемсітпеу, қауіпсіздік пен ашықтықты, бейтараптықты қамтамасыз етуге қарамастан, әркімнің сот төрелігіне қол жеткізу құқығын сақтау маңызды болып қала беретінін атап өтті.

Айта кеткен жөн, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан азаматтардың электрондық қатысу деңгейі бойынша әлемде 15-ші орында, ал e-Government дамыту бойынша 193 елдің ішінде 28-ші орында тұр.