
Бұл қылмыстық-процестік норма тергеу судьясының жәбiрленушi мен куәдан жауап алуы прокурордың, күдіктінің (ол болған жағдайда), қорғаушы ретінде қатысатын оның адвокатының, жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокаттың, ал қажет болған жағдайларда процеске басқа да қатысушылардың қатысуымен жүргiзiлетінін анықтайды. Егер күдiктiнiң жауап алуға қатысуы жәбiрленушiнiң, куәнiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн болса, күдiктi жауап алуға шақырылмайды.
Өтініш авторының пікірінше, тергеу судьясы жәбірленушіден және куәдан жауап алу кезінде қатысуға құқығы бар адамдардың тізбесінде қорғауға құқығы бар куәнің және оның адвокатының болмауы (айғақтарды сақтауға қою) Конституцияның әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы (13-баптың 3-тармағы), ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған адамның сол кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалануға (16-баптың 3-тармағы), заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең және кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды (14-бап) деген ережелеріне қайшы келеді.
Конституциялық Сот өтініш субъектісінің, Жоғарғы Соттың Сот әкімшілігі, Әділет министрлігі, Бас прокуратура өкілдерінің және ҚР Парламенті тарапынан ұстанымдарын тыңдады.
Конституциялық Соттың қорытынды шешімі Конституциялық Заңның 65-бабында көрсетілген дереккөздерде жарияланатын болады.