Еуразиялық конституциялық бақылау органдарының қауымдастығы жұмысын жалғастыруда

Еуразиялық конституциялық бақылау органдарының қауымдастығы жұмысын жалғастыруда

Еуразиялық конституциялық бақылау органдарының қауымдастығы редакциялық алқасының отырысы өтті. Отырыс бейнеконференцбайланыс режимінде Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан конституциялық бақылау органдары судьяларының қатысуымен өтті.

Отырыста Еуразиялық кеңістіктегі конституциялық бақылау саласындағы ынтымақтастық шеңберіндегі ақпараттық-ағарту қызметінің мәселелері талқыланды. Еуразиялық қауымдастықтың редакциялық алқасының құрамына Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының атынан судья Сергей Федорович Ударцев кірді.

Отырысқа Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Әзімова және Парламент Мәжілісінің депутаты Унзила Шапак қатысты. Унзила Шапак Конституциялық Кеңестің мүшесі қызметінің шеңберінде 2017 жылдан бастап Еуразиялық қауымдастықтың редакциялық алқасын басқарған.

Қауымдастық елдерінің конституциялық соттарының судьялары Унзила Шапакты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайлануымен құттықтап, Қазақстанның заң шығарушы органы құрамында жемісті жұмыс тіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Еуразиялық конституциялық бақылау органдары қауымдастығының Жаршысы 1997 жылдан бастап шығарылады. 9 елдің конституциялық соттарын біріктірген Еуразиялық қауымдастық 1997 жылдың қазан айынан бастап жұмыс істейді. Оның міндеттеріне жалпыға бірдей танылған конституциялық құндылықтарды нығайтуға жәрдемдесу, тұрақты сотаралық диалогты қолдау және Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша тәжірибе алмасу кіреді.