Конституциялық Сот азаматтың өтініші бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қайта қарау тәртібінің Конституцияға сәйкестігін тексеруде

Конституциялық Сот азаматтың өтініші бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қайта қарау тәртібінің Конституцияға сәйкестігін тексеруде

Конституциялық Сотта азамат С.О. Жүнісованың өтініші бойынша Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабына және 14-бабының 1-тармағына Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 811-бабының 2-бөлігі, 852-бабының 1-бөлігі, 855-бабының 3-бөлігі 2-тармақшасы ережелерінің сәйкестігін қарау туралы конституциялық іс жүргізуге қатысушыларды тыңдау бойынша отырыс өтті.

Даудың мәні қысқартылған іс жүргізу тәртібімен қаралған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қайта қарау негіздерінің шектеулілігіне қатысты.

Осылайша, даулы нормаларға сәйкес қысқартылған іс жүргізу тәртібімен қаралған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауды қоспағанда, қайта қаралуға жатпайды. Ал жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулылар және бақылау-өлшеу аспаптарымен тіркеу нәтижелері бойынша айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамалар ғана қайта қаралуға жатады.

Конституциялық Сот өтініш субъектісінің мүдделерін білдіретін адвокаттың, Парламент Сенаты депутатының, Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Әділет министрлігі өкілдерінің ұстанымдарын тыңдады.

Өтінішті қарау қорытындысы бойынша Конституциялық Соттың нормативтік қаулысы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде, Конституциялық Соттың интернет-ресурсында, сондай-ақ басқа да әлеуметтік арналарда жарияланады.