
Эльвира Әзімова Қазақстанға жұмыс сапарымен келген БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Тюркпен және ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаровпен кездесті.
Төраға Конституциялық Соттың міндеттері мен қызметі және оның адам құқықтарының сақталуын, құқық үстемдігі мен конституциялық-құқықтық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі рөлі туралы айтып берді.
Кездесуге қатысушылар Қазақстанның қабылданған міндеттемелерді орындауы, елімізде жүргізіліп жатқан реформалар, азаптаулар мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік, адам құқықтары саласындағы үкіметтік жоспарлардың іске асырылу барысы, сондай-ақ азаматтық қоғамның дамуы туралы пікір алмасты.
Эльвира Әзімова азаматтардың қазақстандық Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы және коммерциялық емес ұйымдардан уәкілетті тұлғалардың, заң кеңесшілері мен адвокаттардың өз мүдделерін білдіру мүмкіндігі бар екендігін атап өтті.