Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін іске асыру мәселелері талқыланды

Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін іске асыру мәселелері талқыланды

2022 жылғы 23 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің (бұдан әрі – ҚСК) отырысы өтті. Отырыста Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары мен еліміздегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдауларын іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың қабылдап жатқан шаралары туралы мәселе қаралды.  

Конституциялық Кеңестің мүшесі И. Меркель ҚСК мүшелерін осы саладағы жұмыс жағдайы туралы хабардар етті.

Оларды іске асыру мақсатында Премьер-Министрдің ағымдағы жылғы 21 қазандағы өкімімен Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларын және оның елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Жолдауларын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітілді. Жоспарда 18 іс-шара қарастырылған. Олардың ішінде: ӘҚБтК-де күштеп әкелуді жүргізу тәртібін айқындау; адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша қосымша заңнамалық шаралар қабылдау; соттылықтың жалпы құқықтық салдарын және "ақталмайтын" негіздер бойынша қылмыстық қудалауды тоқтатуды қайта қарау; құқық шектеу шараларын тек заңдар деңгейінде ғана қолдану; қылмыстық заңнамада сотталғандардың дене мүшесіне зақым келтіру актілерін жасау мақсатын нақтылау; заңнамалық актілердің қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің мағыналық сәйкестігін қамтамасыз ету және басқалар.  

Отырыс қорытындысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді.