
4 қазан 2022 жыл.
Индонезияда Конституциялық Сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференцияның 5-ші конгресі шеңберінде Қазақстан Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Қ.Ә. Мәмидің төрағалығымен Конституциялық бақылау органдарының Еуразиялық қауымдастығының (КБОЕҚ) отырысы өтті.
Кездесуге Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғыз Республикасы, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан Конституциялық Соттарының делегациялары қатысты.
Отырысты ашқан Еуразиялық Қауымдастық төрағасы Қ. Мәми өңірлік ұйым шеңберіндегі құқықтық ынтымақтастық құқықтық мемлекет қағидаттарын бекіту саласында ақпарат пен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қауымдастыққа қатысушылар құқықтық саладағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, сондай-ақ Қазақстанда Қауымдастықтың алғашқы Конгресін өткізу мәселелерін талқылады.
Сол күні Қазақстан Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Азия конституциялық соттары мен баламалы институттар қауымдастығының (ААКС) отырысына қатысты.
ААКС қазіргі төрағасы, Моңғолия Конституциялық Сотының Төрағасы Чинбат Намджил мырза оған модератор болды.
Делегация басшылары бір-бірін өз елдерінде болып жатқан маңызды іс-шаралар мен одан әрі ынтымақтастық жоспарлары туралы хабардар етті.
Тараптар Азия қауымдастығының құрылымдық бөлімшелерінің қызметі туралы: Жоспарлау және үйлестіру хатшылығының (Индонезия), Ғылыми зерттеулер және даму хатшылығының (Корея) және Адам ресурстарын оқыту және дамыту орталығының (Түркия) ақпараттарын тыңдады .
Аталған Қауымдастықтардың кездесулерінен кейін Конституциялық Сот төрелігі жөніндегі Дүниежүзілік Конференция Бюросының отырысы өткізілді, оған Қ.Мәми Конституциялық бақылау органдарының Еуразиялық қауымдастығының басшысы ретінде қатысты.
КСДК Бюросы 5-ші Конгрестің қорытындылары бойынша қабылданатын Коммюнике, Конституциялық соттар Дүниежүзілік қауымдастығының қызметі туралы есеп жобаларын және басқа да мәселелерді қарады.