
2022 жылғы 17-18 маусымда Қазақстан Республикасынан Венеция комиссиясы мүшесінің орынбасары-Конституциялық Кеңестің мүшесі У. Шапак Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссиясының (Венеция комиссиясы) 131-ші пленарлық сессиясының жұмысына қатысты.
Сессия аясында У. Шапак еуропалық орган мен халықаралық заң қауымдастығын елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформа туралы хабардар етті. Баяндама отырысқа қатысушылардың және Комиссия басшылығының үлкен қызығушылығын тудырды.
Пленарлық сессияда Венеция комиссиясы сондай-ақ Косово Конституциясына түзетулер енгізу жобасын, Молдова Республикасының сот билігі туралы кейбір нормативтік актілерге өзгерістер енгізу туралы заң жобасын, Молдова Республикасының прокуратурасы туралы Заңға түзетулер жобасын, Монғолияның саяси партиялары туралы заң жобасын, Түркияның сайлау заңнамасына түзетулер және басқа да құқықтық актілер жобасын талқылады және олар бойынша бірқатар қорытындыларды қабылдады.