Душанбедегі халықаралық дөңгелек үстел

Душанбедегі халықаралық дөңгелек үстел

Қазақстан Республикасынан Венеция комиссиясы мүшесінің орынбасары, Конституциялық Кеңес мүшесі У. Шапак және Конституциялық Кеңес Төрағасының кеңесшісі Б. Райысова "Конституциялық сот төрелігі және құқық үстемдігі" тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстел жұмысына қатысты.

Душанбеде (Тәжікстан) өткен форумды Орталық Азиядағы құқық үстемдігі бағдарламасы шеңберінде Тәжікстанның Конституциялық Соты Венеция комиссиясымен ынтымақтастықта ұйымдастырды.

Форумның ашылуында У. Шапак Конституциялық Кеңес Төрағасы Қ. Ә. Мәмидің құттықтау сөзін оқып берді. Онда нормативтік құқықтық актілердің конституциялығын тексеру бойынша өкілеттіктерге ие конституциялық соттар мен оларға теңестірілген органдар Конституцияның нормаларына ғана емес, сондай-ақ заңнаманың тиісті ережелеріне де түсіндірме беріп, құқықтық реттеудегі кемшіліктерді анықтап, оларды жоюдың ықтимал жолдарын көрсететіні атап өтілген. Осы мәселелер бойынша қабылданған шешімдер құқық үстемдігінің негізі болып табылатын Негізгі Заңның әлеуетін ашуға бағытталған, делінген алғы сөзде.

У.Шапақ Конституциялық сот төрелігінің құқықтық мемлекетті нығайтуға әсері мәселелеріне арналған сессия шеңберінде "Қазақстандағы конституциялық сот төрелігі және құқық үстемдігі" тақырыбында баяндама жасады. Спикер өз сөзінде Қазақстандағы конституциялық әділет дамуының жаңа парағын ашатын конституциялық өзгерістер мен жаңалықтар туралы айтып берді.   

Б. Райысова соттардың өтініштері бойынша конституциялық бақылауды жүзеге асыру мәселелері туралы баяндама жасады. 

Іс-шарада Орталық Азия елдерінің конституциялық бақылау органдарының өкілдері, Венеция комиссиясының сарапшылары құқық үстемдігінің өзекті мәселелерін, сондай-ақ адам мен азаматтың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етудегі Конституциялық соттардың рөлін талқылады.