Түркі мемлекеттері ұйымы мүшелерінің конституциялық юрисдикцияларының конференциясы құрылды

Түркі мемлекеттері ұйымы мүшелерінің конституциялық юрисдикцияларының конференциясы құрылды

Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ. Ә. Мәми Түркия Конституциялық Сотының 60 жылдығына арналған конференция шеңберінде түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің конституциялық юрисдикцияларының басшылары мен өкілдерінің алғашқы кездесуіне қатысты.

Конференция жұмысына Еуропа, Азия және Африка өңірлері елдерінің конституциялық бақылау органдарының өкілдері қатысты. 

Конференцияны ұйымдастырушылар мен қатысушыларға құттықтау сөзінде Қ. Мәми осы жылдар ішінде Түркияның Конституциялық Соты Негізгі Заң мен адам құқықтарын қорғаудың беделді органына айналғанын атап өтті. «Түркияның Конституциялық Сотымен ынтымақтастық біздің халықтарымыз бен мемлекеттеріміздің достығына негізделген. Форум Конституция мен заңдарды түсіндірудің, негізгі құқықтар мен бостандықтардың көлемін анықтаудың өзекті мәселелерін, осы саладағы халықаралық құқықтың әсерін, конституциялық-құқықтық түсіндірудің ерекшеліктері мен айырмашылықтарын талқылауға арналған», - деді Қ.Мәми. Ол сондай-ақ форумға қатысушыларды елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформа туралы, оның аясында Конституциялық Кеңестің, өтініш субъектілерінің тізбесін кеңейте отырып, Конституциялық Сотқа қайта құрылуы туралы хабардар етті.   

Кездесудің қорытындысы бойынша түркі мемлекеттері ұйымына (Түркі - Ай) мүше мемлекеттердің конституциялық юрисдикцияларының Конференциясын құру туралы Ыстамбұл Декларациясы қабылданды. Аталған тәуелсіз форумды құрудың негізгі мақсаты - Конституциялық сот ісін жүргізу мәселелері бойынша пікір мен тәжірибе алмасу және түркі әлемі елдерінде құқық үстемдігі мен адам құқықтарын нығайтуға ықпал ету.

Қ.Мәми аталған құрылым біздің елдеріміздің Конституцияларының үстемдігін қамтамасыз ету үшін түркі әлемінің әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өтті.