Конституциялық Кеңес Төрағасы Қ. Мәми Кеңес ұжымын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде Конституциялық Кеңестің 2021 жылғы қызметінің негізгі бағыттарын қорытындылады.
Атап айтсақ, Конституциялық Кеңес Парламент Палаталарының бірлескен отырысында өзінің «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» кезекті жолдауын жария етті. Кеңес мүшелері мен аппарат қызметкерлері Мемлекет басшысы бекіткен 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасын даярлауға қатысты. Соңғы екі жылда біз Азиялық конституциялық соттар қауымдастығына төрағалық еттік. Қазіргі таңда Конституциялық Кеңес Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығына төрағалық етуін жалғастыруда.
Конституциялық Кеңес Республика Президентінің және Ақмола облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының өтініштері бойынша «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Заңдарын қарады.
Кеңес жанында құрылған Ғылыми-консультативтік кеңестің екі отырысы өткізілді. «Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы» атты 2 томдық академиялық курс басып шығарылды, деді Қ. Мәми.
Конституциялық Кеңестің 2022 жылға жұмыс жоспары бекітіліп, онда маңызды міндеттер айқындалды.
Соңында Конституциялық Кеңес Төрағасы баршаға зор денсаулық және келер жылда табыс тіледі.