КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ ҚОРЫТЫНДЫ ШЕШІМДЕРІН ІСКЕ АСЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ ҚОРЫТЫНДЫ ШЕШІМДЕРІН ІСКЕ АСЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

2021 жылғы 29 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Отырыста Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары мен елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдауларын іске асыру бойынша мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралар туралы мәселе қаралды. Конституциялық Кеңестің мүшесі И. Меркель Құқықтық саясат жөніндегі кеңес мүшелерін осы саладағы жұмыстың жай-күйі туралы хабардар етті. Өз сөзінде ол Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін орындауда оң үрдістің бар екенін атап өтті.

Мәселен, Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымдары мен ұсыныстарын орындау үшін: мәжбүрлеп шығарып жіберуге жататын адамдарға жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеуді қолдану туралы мәселе реттелді (енді соттың санкциясымен); заң шығармашылығы мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер енгізілді, атап айтқанда, Конституциялық Кеңестің шешімін орындау үшін әзірленетін нормативтік құқықтық актілерді дайындаудың оңайлатылған тәртібі белгіленді; "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Заңға халықаралық қатынастарда еліміздің мүдделерін қорғауға бағытталған өзгерістер енгізілді; цифрландыруға байланысты азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылданды және т.б. 

Сонымен қатар, отырыста одан әрі шешуді талап ететін бірқатар өзекті мәселелер белгіленді. Бұл: күшіне енген заңдарды конституциялық бақылау тетіктерін одан әрі жетілдіруге; азаматтарды жалға алынған тұрғын үйден мәжбүрлеп шығару тәртібіне; азамат және оның отбасы мүшелері үшін тұрақты тұруға жарамды жалғыз орын болып табылатын тұрғын үй-жайға атқару құжаттары бойынша өндіріп алуды жасауға тыйым салуды белгілеуге; қылмыстық сот ісін жүргізуді ақылға қонымды мерзімде жүргізу кепілдіктерін нығайтуға, атап айтқанда, оны бұзғаны үшін өтемақы төлеу практикасын енгізуге; жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу сияқты жеке профилактика шарасын соттың санкциялау тәртібін айқындауға; алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізуді жетілдіруге; жеке айыптау қылмыстық істерін қозғау тәртібін жаңғыртуға және т. б. қатысты болды.

Отырыстың қорытындысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді.