
2021 жылғы 24 қарашада Ақмола облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық- процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабы 2) тармақшасының нормасын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысы бойынша Конституциялық Кеңестің отырысы өтті.
Отырысты аша отырып, Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ. Мәми сот ұсынысының айыпталушының құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғаудың ерекше кепілі болып табылатын қылмыстық сот ісін алқабилердің қатысуымен жүргізуге құқығын қозғайтынын атап өтті.
Ұсыныс бойынша өткізілген дайындық шаралары туралы Конституциялық Кеңестің мүшесі – баяндамашы Ә. Темірбеков хабардар етті.
Отырыста Конституциялық Кеңес Парламент Сенаты мен Мәжілісі, Үкімет, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, ішкі істер және әділет министрліктері өкілдерінің пікірлерін тыңдады. Өтініш субъектісі - Ақмола облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы А. Қосжанов, сондай-ақ сарапшылар-заң ғылымдарының докторлары М. Қоғамов және А. Ахпанов өз пікірлерімен бөлісті.
Конституциялық Кеңес Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Қаржы мониторингі агенттігінің, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, Республикалық адвокаттар алқасының, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының, Парламентаризм институтының, Құқықтық саясатты зерттеу орталығының, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің, М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің, Каспий университетінің және басқа да тұлғалардың қорытындыларын зерделеді.
Отырысқа қатысушыларды тыңдағаннан кейін Конституциялық Кеңестің құрамы кеңесу бөлмесінде қаулы шығарды. Қабылданған шешім және оған комментарий Кеңес сайтында жарияланды:
https://ksrk.gov.kz/kk/solutions/kazakstan-respublikasy-konstituciyalyk…
https://ksrk.gov.kz/kk/solutions/konstituciyalyk-kenestin-sheshimine-tu…