
2021 жылғы 19 қарашада Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы - Нұрсұлтан Назарбаевтың құқықтық моделі саяси тұрақтылық пен экономикалық өркендеудің негізі ретінде» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конституциялық Кеңес, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі Комиссия, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, "Астана" ХҚО және Сорбонна-Қазақстан институты оның тең ұйымдастырушылары болып табылады.
Конституциялық Кеңес Төрағасы Қ. Мәми форумға қатысушыларға құттықтау сөзінде 1991 жылғы 16 желтоқсан біздің еліміздің тарихында ерекше орын алатынын атап өтті. Бұл атаулы күн жаңа мемлекеттің дамуының бастауы. Отыз жыл ішінде Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың тең құқылы және құрметті мүшесіне айналды. Еліміздің осы жетістіктерінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа шешуші рөл тиесілі. Халық қалауымен және Конституцияға сай ол Тәуелсіз Қазақстанның Негізін қалаушы болып табылады, деп қорытындылады спикер.
Қазақстанға ресми сапармен келген Түркия Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Зухту Арслан мырза да қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі. Ол Түркия Қазақстанның егемендігін бірінші болып мойындағанын атап өтті және барлығын Республика Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады.
Конференция жұмысы егемен Қазақстанның құқықтық жүйесінің қалыптасуы, сондай-ақ заңнаманы дамытудың халықаралық және ұлттық стандарттары мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған сессияларда жалғасты.
Іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар қатысты.