
2021 жылғы 26 тамызда Қазақстан Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Қ. Мәмидің төрағалығымен бейнеконференция режимінде Азиялық Конституциялық соттар және балама институттар қауымдастығының Мүшелер кеңесінің отырысы өтті. Отырысқа Әзірбайжан, Бангладеш, Индонезия, Корея, Қырғызстан, Малайзия, Мальдивтер, Мьянма, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Түркия және Өзбекстан конституциялық әділет органдарының делегациялары қатысты. Қонақ ретінде Конституциялық Сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференцияның Бас хатшысы Шнутс Дюрр мырза мен Еуропалық Конституциялық соттар конференциясының қазіргі төрайымы, Молдова Конституциялық Сотының Төрайымы Домника Маноле ханым қатысты.
Іс-шараны ашқан Қауымдастық төрағасы Қ. Мәми Қазақстан Конституциялық Кеңесінің Қауымдастықтағы екі жылдық төрағалығы коронавирустық инфекция пандемиясымен күрестің қиын кезеңіне тап болғанын атап өтті. Бірақ қиындықтарға қарамастан, Қауымдастық өз мүшелерінің бірлескен тығыз жұмысының арқасында адам құқықтарын қорғау, демократия және құқық үстемдігі саласында қатысушылардың күш-жігерін біріктіретін өңірлік ұйым ретінде өз әлеуетін нығайтты.
Қауымдастыққа жаңа қатысушы – Иордан Хашимит Корольдігінің Конституциялық Соты қабылданды, ол оның жиырмасыншы мүшесі болды.
Жеке сессия Қауымдастықтың Конституциялық Сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференцияның алдағы V Конгресіне қатысу мәселелеріне арналды, оны 2022 жылы Индонезияда өткізу жоспарланып отыр. Индонезия Республикасы Конституциялық сотының өкілдері аталған халықаралық іс- шараға дайындық барысы туралы айтып берді.
Отырыста Азиялық қауымдастық пен Еуропалық Конституциялық соттар конференциясы арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Соңғысы 1972 жылы құрылды және еуропа елдерінің қырықтан астам конституциялық соттарын біріктіреді.
Қауымдастықтың тұрақты хатшылықтары - Жоспарлау және үйлестіру хатшылығы (Индонезия), Ғылыми зерттеулер және даму хатшылығы (Корея) және Адами ресурстарды оқыту және дамыту орталығы (Түркия) әріптестерін атқарылған жұмыс туралы хабардар етті.
Биыл Конституциялық Кеңес Қауымдастықтағы төрағалық миссиясын Моңғолия Республикасының Конституциялық сотына береді. Қауымдастықтың туын табыс ету рәсімі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және Қазақстан Конституциясы күніне орайластырылған "Интернет Дәуірі: Құқық Үстемдігі, Адам Құндылықтары, Мемлекеттік Тәуелсіздік" тақырыбындағы Халықаралық Симпозиум аясында өтеді. Форум 27 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында онлайн- режимде ұйымдастырылады.
Қорытындылай келе, Қауымдастықтың барлық мүшелері Қазақстанның Конституциялық Кеңесіне Халықаралық Симпозиумды өткізуге қолдау білдірді. Олардың пікірінше, форум жаһандық әлемде мемлекеттердің құқықтық дамуы мен егемендігін қамтамасыз етуге заманауи технологиялардың әсеріне байланысты ең өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.
Азиялық Қауымдастық 2010 жылы Азияның конституциялық әділет органдарының өңірлік форумы ретінде құрылды. Қазіргі уақытта қауымдастыққа 20 мемлекет қатысады. Өткен жылы Қазақстан астанасында Қауымдастықтың IV Конгресі өтіп, оның қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан Декларациясы қабылданды.