
2020 жылғы 24 сәуірде Қазақстандағы президенттік институтты бекітудің 30 жылдығына арналған "Президенттік басқару нысаны: конституциялық негізі мен саяси практика" атты тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция өтті.
Конференция жұмысына Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының басшылары, беделді халықаралық ұйымдардың, шет елдердің конституциялық бақылау органдарының өкілдері, сондай-ақ көрнекті қоғам қайраткерлері және ғалымдар қатысты.
Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ. Мәми өзінің құттықтау сөзінде, осыдан тура отыз жыл бұрын, 1990 жылғы 24 сәуірде, қазақстандық президенттік институт құрылғанын және ел Президенті лауазымына Н.Ә. Назарбаевтың сайланғанын атап өтті. Осы тарихи сәтте республикадағы нақты басқарудың тізгіні Жоғарғы Кеңес пен Министрлер Кеңесінде шоғырланды. Осындай ұстаным прогреске жетелемеді, керісінше, оны тежеді. Сондықтан атқарушы-өкімдік билікті Республика Президентінің әлеуетіне орталықтандыруға бағыт алынды.
Спикер назар аударып өткендей, қолданыстағы Конституциямен Мемлекет басшысына Негізгі Заңның рухы мен ережелерін іске асыруға саяси басшылық және үйлестіруші ықпал етуге мүмкіндік беретін қажетті өкілеттіктер берілген. Мемлекетті басқару тетігі жұмысқа қабілетті және тұрақты. Қазіргі заманғы трендтерге барабар президенттік басқару нысанының бейнесі де өзгеруде, онда Парламент пен Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігі дәйекті түрде күшейтіліп келеді. Конституцияда белгіленген президенттік басқару нысаны мемлекеттің тұрақтылығын, оның функцияларын сапалы орындауды, сондай-ақ құқық үстемдігін, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметті жетілдіруді әлі де ұзақ уақыт бойы қамтамасыз ететін болады, деп қорытындылады сөзін Конституциялық Кеңестің Төрағасы.
Бағдарламаға сәйкес Әзірбайжан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Фархад Абдуллаев және Қырғыз Республикасының Жоғарғы Соты Конституциялық палатасының Төрағасы Қарыбек Дүйшеев құттықтау сөздерін арнады.
Конституциялық Кеңестің мүшесі В. Малиновский «Қазақстандағы президенттік басқару нысаны: мемлекеттің беріктігі, Ұлт бірлігі және құқық үстемдігі» атты тақырыпта баяндама жасады.
Онлайн-конференция youtube арнасы арқылы көрсетілді: қазақ тілінде https://www.youtube.com/watch?v=6cxa--E1SyE, орыс тілінде https://www.youtube.com/watch?v=agSRd-z45hM