
Астана күні қарсаңында және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай Республика Президентінің Жарлығымен Конституциялық Кеңестің құрамы мен оның Аппаратының жауапты қызметкерлері «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Марапаттау елдегі қоғамдық келісімді нығайтуға және Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін жүргізілді.
Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ. Мәми биылғы жылы елорда күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мерейтойымен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Елорданы көшіру мен оның қазіргі Қазақстанның символына айналуының бастауында Елбасы тұрды. Қазақстан халқы Ассамблеясы да Елбасының идеясы болып табылады. Ол ширек ғасыр ішінде қоғамда бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етудің сенімді институтына айналды, деді Кеңес Төрағасы.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев Конституциялық Кеңес Төрағасы Қ. Мәмиге медальды табыс етті.
Мереке және мерейтой қарсаңында Конституциялық Кеңес ұжымы Елбасына зор денсаулық және өз халқының игілігі үшін ұзақ жемісті қызмет етуді тілейді.