
Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ. Мәмиді қабылдады.
Қ. Мәми Мемлекет басшысына жақында Парламент Палаталарының бірлескен отырысында жария етілетін, Конституциялық Кеңестің елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы кезекті жолдауына дайындықтың барысы туралы баяндады.
Бұл маңызды құжатта конституциялық іс жүргізу практикасы қорытындыланады, қолданыстағы заңнамада және оны қолдану практикасында конституциялық нормалардың іске асырылуы, Конституциялық Кеңес шешімдерінің орындалуы жай-күйіне баға беріледі, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау және қорғау мәселелері қаралады.
Конституциялық Кеңес Төрағасы биыл жолдау Республика Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналатынын және Кеңес Республикада құқық үстемдігін одан әрі күшейту жөнінде нақты ұсыныстар енгізетінін атап өтті.
Мемлекет басшысы мәлімдегендей, Конституция Қазақстанның қазіргі заманғы мемлекеттілігінің және ел жетістіктерінің негізі болып табылады. Конституциялық Кеңестің қызметі Негізгі Заңның ережелерін іске асыруда өте маңызды. Бүкіл ел аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету мемлекеттің үдемелі дамуының міндетті шарты болып табылады.