
2020 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған іс шаралардың жалпы бағдарламасы шеңберінде «Қазақстан Республикасында қоғамдық сананы жаңғырту аясында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құқықтық мәдениетін қалыптастыру және нығайту» атты тақырыпта халықаралық онлайн-ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараны Конституциялық Кеңес, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті және Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты ұйымдастырды. Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ. Мәми өзінің құттықтау сөзінде тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында қолданыстағы Конституцияның негізгі тұрақтандырушы рөл атқарғанын, елдің ауқымды дағдарыстан шығуына объективті түрде ықпал еткенін атап өтті. Ол елде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік және қоғамдық өзгерістердің басты саяси-құқықтық негізі болды. Нәтижесінде қазіргі заманғы, әлемдегі құрметті егемен мемлекет құрылды. Конференцияға қатысушыларға сондай-ақ Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Е. Сыдықов, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Атқарушы директорының орынбасары И. Рогов және Заңнама және құқықтық ақпарат Институтының директоры Р. Сәрпеков құттықтау сөздерін сөйледі. Конференция аясында «Құқық үстемдігін, жалпыадамзаттық құндылықтар мен қазіргі мемлекеттің басымдықтарын бекіту: Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің қызметі» монографиясы және Қазақстан Республикасы Конституциясының энциклопедиялық анықтамалығы таныстырылды. Таныстырылымды ашқан Конституциялық Кеңес Төрағасы монографияда конституциялық бақылау органының қызметі қорытылғанын айтты. Қазақстан Республикасы Конституциясының энциклопедиялық анықтамалығында қолданыстағы Конституцияны әзірлеу процесі, Кеңес Жолдауларының мазмұны, конституциялық құқық жөніндегі негізгі еңбектер сипатталған. Авторлық ұжым тарапынан заң ғылымдарының докторы, профессор Кенжалиев және С. Амандықова сөз сөйледі. Басылымдармен еліміздің кітапханаларында және Конституциялық Кеңестің сайтында танысуға болады.