КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС ЖАНЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ-КОНСУЛЬТАТИВТІК КЕҢЕСТІҢ ОТЫРЫСЫ

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС ЖАНЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ-КОНСУЛЬТАТИВТІК КЕҢЕСТІҢ ОТЫРЫСЫ

2020 жылғы 12 қарашада Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі жанындағы ғылыми-консультативтік кеңестің онлайн-отырысы болды. Конституциялық Кеңес төрағасы Қ. Мәми биылғы ҒКК отырысы Республика Конституциясының 25 жылдығына арналған іс-шаралар аясында өтіп жатқанын атап өтті. Күн тәртібіне Негізгі Заңның әлеуетін іске асыру тұрғысынан үлкен теориялық және практикалық қызығушылық тудыратын маңызды мәселелер енгізілген. Отырыста жаңа сын-қатерлермен, тәуекелдермен және олардың құқықтық жүйеге ықпалымен өзара байланыста Конституциялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ нарықтық
экономиканың конституциялық негіздері және оларды қолданыстағы заңнамада іске асыру мәселелері қаралды.
Каспий университетінің профессоры А. Қараев және КАЗГЮУ университетінің профессоры С. Идрышева баяндама жасады. Отырысқа ҒКК мүшелері, Жоғарғы Соттың, Әділет министрлігінің, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының және Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ-нің Мемлекет пен құқық институтының өкілдері қатысты. Талқылау қорытындысы бойынша елімізде конституциялық заңдылық режимін одан әрі нығайту бойынша нақты ұсыныстар әзірленді.