
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қ.Мәми Беларусь Республикасы, Минск қаласында ашылған Еуразиялық экономикалық одақ сотының «ЕАЭО-дағы интеграцияның жаңа сын-қатерлері: құқықтық өлшем» тақырыбындағы үшінші халықаралық конференциясына қатысушыларды онлайн режимде қарсы алды.
Өз сөзінде ол Қазақстан әрқашан еуразиялық интеграцияның белсенді жақтаушысы болғанын, оның идеясын алғаш рет 1994 жылы Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жария еткенін атап өтті. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы Шартқа 2014 жылы Қазақстанның астанасында қол қойылған болатын. Осы жылдар ішінде Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестер екпінді дамуда, ЕАЭО шеңберінде елдердің тығыз өзара іс-қимылы іске асырылып келеді. Кооперацияның тереңдеуіне қарай құқықтық институттар да жетілдірілдіріліп келеді. Осы шаралардың барлығы ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, Қ. Мәми осы саладағы құқық үстемдігін қамтамасыз ету үшін зор күш-жігер жұмсап отырған ЕАЭО сотының маңызды жұмысын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мен ЕАЭО соты арасындағы жемісті ынтымақтастықты атап өтті.
Сөзін аяқтай келе, Конституциялық Кеңестің Төрағасы ЕАЭО сотының өкілдеріне Қазақстанда өткізілген Азиялық Конституциялық соттар қауымдастығының төртінші конгресіне және Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған халықаралық конференцияға белсенді түрде қатысқаны үшін алғысын білдірді. Форум өз жұмысын ағымдағы жылғы 28 қарашаға дейін жалғастыратын болады.