
2020 жылғы 25 қарашада «Судьялыққа кандидаттарды іріктеу, судьялардың жұмысын бағалау және оларды ілгерілету кезіндегі заманауи цифрлық және HR-технологиялар» атты тақырыпта онлайн халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Форумды Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Даму Бағдарламасының қолдауымен Жоғары Сот Кеңесі ұйымдастырды.
Форумда Конституциялық Кеңес мүшесі Р. Ж. Мұқашев Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ. Мәмидің құттықтау сөзін оқып берді. Онда тәуелсіздіктің үш онжылдығы ішінде Қазақстанда сот жүйесі мен сот ісін жүргізуді жаңғырту бойынша орасан зор жұмыс жүргізілгені атап көрсетіледі. Республиканың Тұңғыш Президенті ұсынған Ұлт Жоспарын орындау үшін сот сатылары, істерді жүргізу рәсімдері оңтайландырылды, сот бақылауы, соттардың мамандануы кеңейтілді. 100 қадам аясында судьяларға қойылатын талаптар күшейтілді, судьялар корпусын білікті кадрлармен жасақтауға мүмкіндік беретін оларды іріктеу және қызмет бабында ілгерілету рәсімдері белгіленді.
Қазіргі заманғы сын-қатерлер сот жүйесінің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Олардың негізгілері Республика Президентінің оны жаңғыртудың кезекті кезеңін ашқан биылғы Жолдауында белгіленген, деп атап өтті Қ. Мәми.
Форумға қатысушыларға Еуропа Кеңесінің Венециялық Комиссиясының төрағасы, Жоғарғы Соттың Төрағасы, Қазақстан Республикасының Әділет министрі, Ресей Федерациясы судьяларының жоғары біліктілік алқасының төрағасы, Өзбекстан Республикасы Жоғары Судьялар кеңесінің төрағасы, Қырғыз Республикасы судьяларын іріктеу жөніндегі Кеңестің Төрағасы және БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі құттықтау сөздерін сөйледі.