
Ағымдағы жылғы 25-26 қарашада Конституциялық Кеңес Аппаратының Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің қызметкерлері М.Қ. Бадалиев, Н.Ж. Тасболатов, Е. А. Артемьева, С. М. Аханова, Н. В. Кресс, А. Б. Мұқышева және М. А. Спан «Орталық Азиядағы қылмыстық сот төрелігі: COVID-19 пандемиясының соңғы оқиғалары, сын-қатерлері мен әсері» атты тақырыптағы онлайн-сараптамалық кездесуге
қатысты.
Кездесуді ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және Адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ) және Еуропалық Одақтың (ЕО), адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссар Басқармасының (АҚЖКБ) және ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы далалық офистерінің жәрдемдесуімен Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЕҚБ) ұйымдастырды.
Сараптамалық кездесу барысында Орталық Азиядағы қылмыстық сот төрелігі жөніндегі алдыңғы сараптамалық форумның (2018 жыл) ұсынымдарын іске асыру мәселелері, Орталық Азиядағы қылмыстық сот төрелігі саласындағы соңғы оқиғалар, сондай-ақ 2021 жылы өңір елдері үшін қылмыстық сот төрелігі жөніндегі кезекті сараптамалық форумды ұйымдастыру мәселелері талқыланды.