КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС ЖАНЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ-КОНСУЛЬТАТИВТІК КЕҢЕСТІҢ ОТЫРЫСЫ

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС ЖАНЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ-КОНСУЛЬТАТИВТІК КЕҢЕСТІҢ ОТЫРЫСЫ

2021 жылғы 20 мамырда онлайн-режимде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестің отырысы өтті.

Отырыста «Астана» халықаралық қаржы орталығының конституциялық-құқықтық мәртебесінің мәселелері және оны іске асыру практикасы қаралды.

Конституциялық Кеңестің төрағасы Қ. Мәми ASTANA EXPO 2017 инфрақұрылымы базасында оған арнайы мәртебе бере отырып, «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрудың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындау үшін жүзеге асырылғанын атап өтті. Осы маңызды жобаны іске қосу үшін Конституцияға Орталықтың инфрақұрылымын қалыптастыру үшін қажетті құқықтық негіз жасайтын толықтыру енгізілді.

АХҚО басқарушысы Қ. Келімбетов баяндама жасап, ағылшын құқығы қағидаттары негізінде қаржы орталығы жұмысының ерекше құқықтық режимі, өз юрисдикциясы бар тәуелсіз сот жүйесін, халықаралық төрелік орталығын құрудың және басқа да шаралардың елімізде қолайлы инвестициялық ахуал құруға бағытталғанын атап өтті.

Отырыс шеңберінде Соттың, Халықаралық төрелік орталығының, Құқық академиясының, Экспат орталығының және АХҚО-ның ішкі экожүйесінің қызметі туралы ақпарат ұсынылды.

Қатысушылар сондай-ақ Конституциялық Кеңестің елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы Жолдауының жобасын талқылады, оны Конституциялық Кеңестің мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі Р. Мұқашев таныстырды.

Кеңестің Жолдауы ағымдағы жылғы маусым айында Парламент Палаталарының бірлескен отырысында жарияланады деп күтілуде. Онда адамның конституциялық құқықтарының кепілдіктерін одан әрі нығайту және еліміздегі құқықтық мемлекет қағидаттарын күшейту бойынша нақты шаралар ұсынылатын болады.

Отырысқа Конституциялық Кеңестің мүшелері, Ғылыми-консультативтік кеңестің мүшелері, "Астана" халықаралық қаржы орталығының, Парламент Палаталарының, Бас прокуратураның, Жоғарғы Соттың, Әділет министрлігінің, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты.