
2021 жылғы 29 мамырда Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ. Мәми әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түлектерінің қауымдастығы төралқасының отырысын өткізді.
Бұл іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында өтті.
Қ. Мәми Қауымдастықтың президенті ретінде баршаны түлектер күнімен құттықтап, биылғы жылғы түлектерге табыс тіледі. Бүгінгі күн - біздің дәстүрлерімізге деген құрмет, студенттік бауырластық мерекесі, педагогтар мен тәлімгерлерге, ғылыми жетекшілер мен әріптестерге деген шынайы құрмет. Бұл түлектердің Қазақ ұлттық университетіне ерекше алғыс айту күні-деп атап өтті спикер.
Іс-шараға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ж. Түймебаев, белгілі ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты.
31 мамырда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде "Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің қалыптасуының саяси-құқықтық мәселелері: тарихы және қазіргі заманы" атты халықаралық конференция өтті.
Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ. Мәми өзінің құттықтау сөзінде Тәуелсіз Қазақстанның негізі 1991 жылғы 16 желтоқсанда Республиканың мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңның қабылдануымен қаланғанын атап өтті. Егемен Қазақстанның бұл тарихи құжаты халқымыздың қуатты мемлекет құру туралы көпғасырлық арманы іске асуының айғағы. Бұл үдерістің басында республиканың Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұрды. Оның саяси еркі мен стратегиялық көрегендігі дамудың қазақстандық үлгісінің пәрменділігін айқындап, елімізге орнықты өсу мен гүлдену жолына шығуға мүмкіндік берді, делінген құттықтауда.
Конференция жұмысына Конституциялық Кеңестің мүшесі В. Малиновский, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, азаматтық қоғам институттарының өкілдері, қазақстандық және халықаралық сарапшылар қатысты.