ҚҰҚЫҚТЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСТЕ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ ҚОРЫТЫНДЫ ШЕШІМДЕРІН ІСКЕ АСЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ҚҰҚЫҚТЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСТЕ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ ҚОРЫТЫНДЫ ШЕШІМДЕРІН ІСКЕ АСЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

2020 жылғы 24 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің отырысы өтті.
Отырыста басқа мәселелермен қатар, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары мен елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдауларын іске асыру бойынша мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралар туралы мәселе қаралды.
Конституциялық Кеңестің мүшесі А. Дауылбаев Құқықтық саясат жөніндегі кеңес мүшелеріне осы саладағы жұмыстың жай-күйі туралы ақпарат берді. Өз баяндамасында ол Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерінің орындалуындағы оң динамикасын атап өтті. Мәселен, Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымдары мен ұсыныстарын орындау үшін алқабилер сотының соттылығы кеңейтілді, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға түзетулер енгізілді, күштеп әкелуді қолдану, Республиканың шегінен тысқары жерге шығару кезінде азаматтарды ұстап алу тәртібі жетілдірілді және т.б.
Сонымен қатар, отырыста одан әрі өз шешілуін талап ететін бірқатар өзекті мәселелер туралы сөз болды. Атап айтқанда, қолданысқа енгізілген құқықтық актілердің конституциялығын тексеру туралы ұсыныстармен соттардың Конституциялық Кеңеске өтініш беруі мүмкіндігін неғұрлым кеңінен пайдалану қажеттігі туралы; сотталғандардың өз денсаулығына зиян келтіргені үшін жауаптылықты белгілейтін ҚК нормаларын түзету туралы; ана мен бала институттарын қорғау, көші-қон заңнамасын, жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеуді қолдану тәртібін жетілдіру, қылмыстық процесте жәбірленушілердің құқықтарын қорғау, кәмелетке толмағандардың білікті заң көмегін алу кепілдіктерін күшейту және т.б. мақсатында қосымша заңнамалық шаралар қабылдау туралы мәселелер. Отырыс қорытындылары бойынша мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді.