
2021 жылғы 29 қаңтарда Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ.Ә. Мәми заң ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі С.З. Зимановтың 100 жылдығына арналған «Академик С.З. Зиманов: өнегелі өмірі және ғылыми жетістіктері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысына қатысты.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институтымен бірлесіп, онлайн форматта ұйымдастырды.
Форумның ашылу салтанатында Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәми атап өткендей, көзі тірі болғанда биыл 100 жасқа келетін Салық аға Алашорданың ізін басып, сарқытын ішкен, теңдессіз ғалым, кемеңгер тұлға еді. Саналы ғұмырын құқықтық қатынастың қыр-сырын терең зерттеуге арнаған ғұлама заңгердің тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік механизмін қалыптастыруға қосқан үлесі ұшан-теңіз. Елімізде заң ғылымын аяғынан тұрғызып, заңгер мамандар дайындау саласының басында Салық Зиманұлы тұрды. Оның ғылыми тағлымы, болашақта «Зимановтың дара жолы» деген интеллектуалдық императивпен анықталатыны анық. Салық Зиманұлының ғылыми өмірбаянында Конституцияны жетілдіруге жазған еңбектері бір төбе. Ол идеялар 2007 және 2017 жылғы Конституцияға енгізілген өзгерістерде Елбасының бастамашылдығымен жүзеге асты, деп түйіндеді Қ.Мәми.
Форумға қатысушыларға Қазақстан Республикасының Әділет министрі Марат Бекетаев, Ресей Федерациясының Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының Жария-құқық зерттеулер орталығы меңгерушісінің орынбасары Юрий Тихомиров, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары, Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясының мүшесі Игорь Рогов, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асанов, Новосибирск Мемлекеттік Экономика және Басқару Университетінің кеңесшісі Александр Новиков және басқалар құттықтау сөздерін сөйледі.
Конституциялық Кеңес мүшелері В.Малиновский, А.Темірбеков және У. Шапак өз ойларымен бөлісті.
Форум жұмысына Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, мемлекеттік органдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, Қазақстанның білім беру ұйымдарының, ғылыми қоғамдастығының өкілдері қатысты.