ВЕНЕЦИЯ КОМИССИЯСЫ СОТТАРДЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСКЕ ЖҮГІНУІ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ҚОРЫТЫНДЫ БЕРДІ

ВЕНЕЦИЯ КОМИССИЯСЫ СОТТАРДЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСКЕ ЖҮГІНУІ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ҚОРЫТЫНДЫ БЕРДІ

2021 жылғы 19 наурызда Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ. Мәми Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия) 126-шы онлайн жалпы сессиясының жұмысына қатысты.

Сессия қатысушыларына арнаған сөзінде Қ. Мәми қазіргі уақытта Қазақстанда Республика Президентінің бастамасы бойынша саяси-құқықтық салада ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын айтты. Өткен жылы митингілер туралы жаңа заң қабылданды, оның негізін осы іс-шараларды өткізу үшін жәй хабардар ету тәртібі құрайды. Оппозициялық қызмет заңнамалық тұрғыдан регламенттелді, саяси партиялар құру үшін азаматтар саны екі есеге төмендеді. Енді партиялық тізімдердің кем дегенде 30%-ын жастар мен әйелдер құрайды. Парламентке партиялардың өтуі үшін ценз 7%-дан 5%-ға дейін төмендейді деп күтілуде, деп атап өтті спикер.

Комиссия Конституциялық Кеңестің құқықтық негіздерін жетілдіру тұжырымдамасы бойынша қорытынды қабылдады. Онда соттардың заңдардың конституциялылығын тексеру туралы ұсыныстармен Кеңеске жүгінуі тетігін жетілдіру бойынша ұсыныстар қаралған.

Комиссияның қорытындысында процестік кодекстерде тараптардың Конституциялық Кеңеске жүгіну туралы өтінішхаттарын жеке бөліп шығаруға, оларды соттың қарауы тәртібін нақтылауға, бас тарту үшін нақты негіздерді бекітуге және оған жоғары тұрған сот сатыларына шағым жасауға қолдау көрсетілген.

Еуропалық сараптама органы атап өткендей, соттың Кеңеске жүгінуі үшін судьяның заңның конституциялық еместігіне деген нық ішкі сенімі ғана емес, бұл мәселе туралы ақылға қонымды күмәндердің болуы да негіз болып табылады, оларды сот процесіне қатысушылар да көрсетуі мүмкін. Ол Конституциялық Кеңестің қаулыларын орындау құқық үстемдігін қамтамасыз етудің міндетті шарты болып табылатынын атап өтті. Сонымен қатар, Комиссия жалпы юрисдикциялы соттар мен басқа да мемлекеттік органдар басшылыққа алуы тиіс Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымдары мен дәлелдемелерінің маңыздылығына назар аударды.

Бұған қоса, Комиссия: Қырғызстан Конституциясының жобасы бойынша; Конституцияға түзетулер және оларды Ресей Федерациясында қабылдау тәртібі туралы; азаматтардың қауіпсіздігі туралы Испанияның заңы бойынша; саяси партиялар туралы Украина заңының жобасы бойынша; Босния және Герцеговинаның Жоғары Сот және прокурорлық кеңесі туралы заң жобасы бойынша; Молдова Республикасының Халық адвокаты туралы заң жобасы бойынша және т.б. қорытындыларды мақұлдады.

Іс-шараға Қазақстанның Комиссиядағы өкілдері – Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Атқарушы директорының орынбасары И. Рогов және Конституциялық Кеңестің мүшесі У. Шапак қатысты.