Орталық Азия елдері әйелдердің сот төрелігіне қолжетімділігін кеңейту үшін бірігуде

Орталық Азия елдері әйелдердің сот төрелігіне қолжетімділігін кеңейту үшін бірігуде

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz

 

Ташкент қаласында Өзбекстан Республикасы Үкіметінің бастамасымен, БҰҰ-әйелдер құрылымының және Өзбекстан Республикасындағы БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісінің қолдауымен «Орталық Азиядағы барлық әйелдер мен қыздар үшін әділ сот төрелігіне қол жеткізу: құқықтық базаны және институционалдық әрекет ету шараларын нығайту» атты Жоғары деңгейдегі кездесу өтті.

Шара Орталық Азия елдері мен Әзербайжан үкіметтерінің өкілдерін, халықаралық ұйымдарды, сарапшыларды және жастарды бір алаңға біріктірді.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова өз сөзінде Қазақстан Республикасы Конституциясында заң мен сот алдында барлық азаматтардың теңдігі, аналық пен балалықты қорғау, сондай-ақ кез келген кемсітушілікке жол берілмеуі бекітілгенін атап өтті.

Эльвира Азимова Конституциялық Соттың «Әйелдер қауымы сот төрелігінде: бірлестік арқылы кәсіби даму» жобасын іске асыруға және «Әйелдер сот жүйесінде және цифрландыру» жобасын іске қосуға дайындыққа белсене қатысқанын айтты. Бұл жобалар цифрлық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, сондай-ақ әйелдер мен қыздардың өз құқықтарын жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғанын атап өтіп, әділ сотқа қол жеткізу құқық үстемдігінің негізгі элементі әрі әділ және инклюзивті қоғам құрудың іргетасы екенін ерекше белгіледі.

Кездесу барысында әйелдердің сот төрелігіне қол жеткізу жолындағы экономикалық, әлеуметтік, мәдени және саяси кедергілерді жою, гендерлік-жауапты құқықтық жүйелерді дамыту, қолжетімді және қауіпсіз сот төрелігі үшін институттарды нығайту, сондай-ақ цифрлық ортадағы зорлық-зомбылықтың жаңа түрлеріне қарсы әрекет ету мәселелері талқыланды.

Кездесу қорытындылары бойынша қатысушылар теңдік, әділдік және адам құқықтарын қорғауды ілгерілету мақсатында өңірлік және халықаралық деңгейде ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыру жөнінде уағдаласты.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова Өзбекстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Абдусаломов Мирза-Улуғбек Эльчиевичпен екіжақты кездесу өткізіп, онда конституциялық бақылау саласындағы ынтымақтастықты әрі қарай нығайту және тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.