Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Астана қаласында Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің 10 жылдығына арналған «Адам құқықтарын қорғау және тиімді сот төрелігі: ұлттық дәстүрлер мен халықаралық стандарттардың теңгерімі» тақырыбында Түркі сот-құқықтық дайындық желісінің халықаралық форумы өтті. Шараның басты тақырыбы адам құқықтарын қорғауды нығайту және жаһандық трансформация жағдайында тиімді сот төрелігін дамыту болды.
Форумға Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан сот органдарының басшылары, халықаралық ұйымдардың, салалық академиялардың, сарапшылар қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ Түркі желісіне қатысушы елдердің судьялар кеңестері мен академияларының басшылары қатысты.
ҚР Конституциялық Соты Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов құттықтау сөз сөйлеп, сот арқылы қорғалу адам құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берудің негізгі құралы болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол Конституциялық Сот өз шешімдерінде сот қызметінің ерекшелігі судьялардың тәуелсіздік кепілдіктерін, біліктілігінің жоғары деңгейін және моральдық-этикалық қасиеттерін қамтамасыз ету қажеттілігін алдын ала белгілейтінін атап өтті. Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларын орындау үшін судьяларға қатысты тәртіптік істерді қарау тәртібін одан әрі жетілдіру, оларға осындай талқылау шеңберінде білікті заң көмегін көрсету жөнінде заңнамалық шаралар қабылданды.
Форум аясында адам құқықтарына, заң кадрларын даярлауға, сот жүйесін цифрландыруға және халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға енгізуге арналған панельдік сессиялар өтті. Қатысушылар өз тәжірибелерімен алмасты, сот төрелігіндегі жасанды интеллекттің рөлін, судьялар мен прокурорларды оқыту жүйесін дамытуды, сот төрелігіне қол жеткізу мәселелерін, сот практикасының бірлігін және іргелі құқықтарды қорғаудың заманауи тәсілдерін талқылады.