Экономикалық дағдыларды кеңейту мен білім беру – зорлық-зомбылық пен теңсіздікке қарсы маңызды құралдар

Экономикалық дағдыларды кеңейту мен білім беру – зорлық-зомбылық пен теңсіздікке қарсы маңызды құралдар

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz

 

Астанада Азия даму банкінің бастамасымен және қолдауымен гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бойынша субөңірлік семинар өтті.

Банк өкілдері әйелдер мен ерлердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге, білім беру арқылы әлеуметтік теңсіздікті еңсеруге бағытталған елдік жобалар туралы айтты.

Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова қатысушыларды құттықтап, Қазақстанда қабылданып жатқан құқықтық шаралар, конституциялық теңдік пен кемсітпеушілікті сақтау, аналық, әкелік және балалықты қорғау жөніндегі Конституциялық Сот шешімдері туралы баяндады.

Шараға Орталық Азия мемлекеттері делегациялары қатысты және ол Азия даму банкі мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, жыл сайын 25 қарашадан 10 желтоқсанға дейін әлемде өткізілетін «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық науқаны аясында ұйымдастырылды. Науқанның мақсаты әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың және азаматтық сектордың күш-жігерін біріктіру.  

Эльвира Азимова өз сөзінде қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастырудың және зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік заңнамалық режимін орнықтырудың маңыздылығын атап өтті. Ол: «Соңғы екі жылда Қазақстанда қабылданған заңдар әйелдердің құқықтарын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ сталкинг пен мәжбүрлі некеге тұру үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуге бағытталған», – деді.

Конституциялық Сот Төрағасының айтуынша, қабылданған өзгерістер адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтудағы берік саяси жігерді көрсетеді.

Халықаралық индекстер мен зерттеулер халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, әйелдердің экономикалық қатысуын кеңейту, цифрлық ортада профилактикалық тетіктерді дамыту және орныққан гендерлік таптаурындарды еңсеру сияқты сақталып отырған сын-қатерлерге назар аударады. «Бұл міндеттердің барлығын біз алдағы уақытта шешуіміз қажет», – деп түйіндеді ол.