
Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бастамасымен және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Ұлы Дала философиясы және құқықтық мәдениет» тақырыбындағы халықаралық симпозиум өтті.
Симпозиум Орталық Азия мемлекеттері мен Түркиядан келген философтарды, заңгер-ғалымдар мен практиктерді, педагогтар мен азаматтық қоғам өкілдерін, жастарды қоса алғанда 300-ден астам қатысушыны бір арнаға тоғыстырды.
Симпозиум қатысушыларына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның құттықтауы жолданды. «Көпшілікке мәлім, дала өркениетінің өзегінде адамгершілік, әділет, ынтымақ пен жауапкершілік секілді құндылықтар жатқаны баршаға мәлім. Осы құндылықтарды заманауи ғылыми айналымға енгізіп, құқықтық ойдың дамуына бағыттау – бүгінгі симпозиумның басты миссиясы», – делінген Аида Балаеваның құттықтау сөзінде.
Түркістан облысының әкімі Көшеров Нұралхан Оралбайұлы өз сөзінде Түркістан қаласының еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулеттік мұрасы ретінде ерекше мәртебесі іс-шараның күн тәртібінің өзектілігін және қазіргі жағдайда адамзаттық құндылықтар философиясының сабақтастығын айқындайтынын атап өтті. «2025 жылғы 5 қарашада Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды.
Ішкі саясаттың «Заң және Тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» секілді қағидаттары қалыптасты.
Қазақ халқы ел басқару, заң шығару және сот ісін жүргізу саласында бай тарихи мұраға ие.
Олар мемлекеттік тарихта, құқықтық таным мен санасында аса маңызды мәдени-әлеуметтік, саяси-құқықтық мәнге ие», – деді Нұралхан Көшеров.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова симпозиум қатысушыларына арнаған сөзінде бұл шараның еліміздің Конституциясының 30 жылдығы аясында ұйымдастырылғанын еске салды.
«Дала құқықтық мәдениетінің мұрасы – бұл ар-намыс пен жауапкершілік философиясы және мәдениеті. Бүгінде ол құқықтық сананы және заңға деген құрметті нығайтуға көмектеседі.
Құқық адамзаттық құндылықтарға негізделіп, халықтың мәдени кодына сай келсе ғана тиімді әрекет етеді», – деп атап өтті Эльвира Азимова.
Симпозиум қорытындысы бойынша қатысушылар ұйымдастырушыларға бұл шараны «Орталық Азия+» форматы бойынша жыл сайын өткізу туралы ұсыныстарын білдірді.