88 елден келген конституциялық сот судьялары болашақ ұрпақтың адам құқықтарын қорғау тұжырымдамасын қолдады

88 елден келген конституциялық сот судьялары болашақ ұрпақтың адам құқықтарын қорғау тұжырымдамасын қолдады

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz  

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова 28-31 қазан аралығында Мадрид қаласында өткен Конституциялық сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференцияның VI Конгресіне қатысты. Конгресс «Болашақ ұрпақтың адам құқықтары» тақырыбы аясында өтті. Шара Испания Корольдігінің Конституциялық Соты мен Еуропа Кеңесінің конституциялық мәселелер жөніндегі кеңесші органы - Венеция комиссиясының қолдауымен ұйымдастырылды.   

Конгреске әлемнің 88 елінен 300-ден астам қатысушы конституциялық соттардың төрағалары мен судьялары қатысты. Конгресстің басты мақсаты құқық үстемдігін одан әрі нығайту және осы мақсатқа жетудегі конституциялық бақылаудың рөлі мәселелерін талқылау болды. Конгресстің ашылу салтанатында Испанияның президенттік, әділет және парламенттік байланыстар министрі Феликс Боланос Гарсия, Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясының арнайы өкілі және құрметті төрағасы Джанни Букиккио және Испания Конституциялық Сотының Төрағасы Кандидо Конде-Пумпидо Турон құттықтау сөз сөйледі.

Онлайн форматта Конгреске төрт өңірлік соттың төрағалары қосылды: Еуропалық Одақ Соты, Адам және халықтар құқықтары жөніндегі Африка соты, Адам құқықтары жөніндегі америкааралық сот және Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот.

Конгресс жұмысы бес тақырыптық сессия аясында өтті. Италия Конституциялық Сотының судьясы Марко Д’Альберти өз сөзін табиғи ресурстар мен қоршаған ортаны сақтау мәселелеріне арнады. Түркия Республикасының Конституциялық Сотының төрағасы Кадир Озкая адамзаттың мәдени мұрасын сақтау тақырыбында баяндама жасады. Латвия Конституциялық Сотының Төрағасы Ирена Куцина ғылыми білім мен заманауи технологияларға қол жеткізуді қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды.  Конгресс аясында конституциялық соттардың тәуелсіздігі тақырыбына да ерекше көңіл бөлінді. Испания Конституциялық Сотының Төрағасы Кандидо Конде-Пумпидо Турон конституциялық бақылау органдарының тәуелсіздігі мәселесі дүниежүзілік конференциялардың барлығында басты тақырып болып қала беретінін атап өтті, себебі ол конституциялық сот төрелігі мен азаматтардың құқықтарын қорғаудың іргетасы.

Конгресс аясында Бюроның отырысы және Конституциялық сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференцияның Бас Ассамблеясының, аймақтық және лингвистикалық топтардың отырыстары өтті. Еске сала кетейік, Бюро құрамына аймақтық және тілдік топтардың өкілдері, алдыңғы және алдағы Конгрестерді қабылдаған соттар және Бас Ассамблея сайлаған төрт сот кіреді. Әрбірі келесі құрлықтардың бірін ұсынады: Африка, Америка, Солтүстік және Оңтүстік Азия/Мұхит аймағы және Еуропа.

Дүниежүзілік конференцияның Бас Ассамблеясы отырысының қорытындысы бойынша Конгресс Испания Королі Фелипе VI қатысуымен салтанатты рәсіммен аяқталды. Конгресс қорытындысы бойынша қатысушылар Мадридтің бірлескен коммюникесін қабылдады, онда конституциялық соттардың болашақ ұрпақтың қадір-қасиетін, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелеріндегі негізгі рөлі, сондай-ақ қабылданған міндеттемелерді ұстану және судьялардың тәуелсіздігі мен әділдігін сақтау шартымен орнықты дамуды, экологиялық және цифрлық әділдікті қамтамасыз етудің өзектілігі туралы бірауыздан пікір білдірді.

Конгреске қатысушылар сот билігінің заңдылығы мен тәуелсіздігін құрметтеу барлық азаматтардың құқықтарын тиімді қорғау құралы ретінде құқық үстемдігі мен қоғамдық сенімнің кепілі екенін атап өтті.

Анықтама үшін: Конституциялық сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференция (КСТДК) – Африка, Америка, Азия, Австралия/Мұхит аймағы және Еуропаның 124-тен астам елінің конституциялық соттарын, кеңестерін және жоғарғы соттарын біріктіреді. Бұл ұйым конституциялық сот төрелігі демократияның, адам құқықтарын қорғаудың және құқық үстемдігінің негізгі элементі ретінде насихаттайды.