Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Конституциялық Сотқа Азаматтық процестік кодекстің 58-бабы бірінші бөлігінің 6) тармақшасының, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 26-бабының, Қылмыстық-процестік кодекстің 76-бабы бірінші бөлігінің және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 753-бабы бірінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.
Өтініш берушінің пікірінше, дауланып отырған нормалар азаматтардың өз істерін сотта заңгерлік білімі бар бірақ адвокат немесе заң консультанттары палатасының мүшесі болып табылмайтын жақын туыстарына тапсыру жөніндегі конституциялық құқықтарын бұзады.
Өтінішті алдын ала қарау барысында Конституциялық Сот бұл нормаларды жалпы юрисдикция соттары өтініш берушіге қатысты қолданбағанын және оның құқықтарын нақты іс шеңберінде қозғамағанын анықтады. Осыған қарамастан, өтініш беруші «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңның 45-бабының 4-тармағына сілтеме жасай отырып, аталған нормалардың императивті сипаты жалпы юрисдикция сотына алдын ала жүгінбей-ақ конституциялық бақылау органына жүгінуге мүмкіндік береді деп есептей отырып, Конституциялық Сотқа жүгінді.
Конституциялық Сот өтініш берушіге заң нормасының императивті сипатының өзі Конституциялық Сотқа жүгіну үшін негіз болып табылмайтынын түсіндірді. Өтініш тек дауланып отырған норма өтініш берушінің қатысуымен қаралған нақты іс бойынша оның құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғаған жағдайда ғана қабылданады.