
Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Сергей Ударцевтің төрағалығымен Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығының редакциялық алқасының отырысы өтті. Кездесу Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның конституциялық соттары мен конституциялық бақылау органдары өкілдерінің қатысуымен бейнеконференцбайланыс режимінде өтті.
Редакциялық алқа отырысында кадрлық шешімдер қабылданып, жаңа мүшелерді қабылдау мақұлданды. Бұл қадам алқаның қызметін одан әрі дамытуға ықпал етпек. Сондай-ақ, «Конституциялық сот төрелігі. Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығының хабаршысы» журналының кезекті санының нәтижелері талқыланып, келесі нөмірге дайындық мәселелері қаралды. Жаңа санға негізгі шешімдер, конституциялық сот төрелігі саласындағы өзекті мәселелер мен ұлттық заңнамадағы өзгерістер жөніндегі материалдарды жолдау ұсынылды.
Отырыс сындарлы жағдайда өтіп, қатысушылар конституциялық сот төрелігі саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мен тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.