Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Төрағасының
2017 жылғы 29 қыркүйектегі № 11-8/26 бұйрығымен бекітілген
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Аппараты (бұдан әрі – Аппарат) ақпараттық-анықтамалық, ғылыми-консультативтік және басқа да көмекші жұмысты орындайтын мемлекеттік орган болып табылады.
2. Аппарат өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Регламентіне, осы Ережеге, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады.
3. Аппарат мемлекеттік мекеменің ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде атауы жазылған мөрлері және мөртаңбасы, белгіленген үлгідегі бланктері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
4. Аппарат өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі.
5. Аппарат, егер ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұған уәкілетті болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынас тарабы болуға құқылы.
6. Аппарат туралы ережені, оның құрылымы мен штат кестесін бекітілген лимит және бөлінген бюджет қаражаты шегінде Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы (бұдан әрі – Төраға) бекітеді.
7. Аппарат өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Аппараты Басшысының (бұдан әрі – Аппарат Басшысы) бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Аппараттың заңды мекен-жайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, «Есіл» ауданы, Дінмұхамед Қонаев көшесі, 39 ғимарат.
9. Аппараттың толық атауы – «Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Аппараты» Мемлекеттік мекемесі.
10. Осы Ереже Аппараттың құрылтайшы құжаты болып табылады.
11. Аппарат қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Аппаратқа оның функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастар жасауға тыйым салынады.
2. Аппараттың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары және міндеттемелері
13. Аппараттың миссиясы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің (бұдан әрі – Конституциялық Кеңес) қызметін қамтамасыз ету және оның өкілеттіктерін іске асыру үшін жағдай жасаудан тұрады.
14. Аппараттың негізгі міндеті Конституциялық Кеңестің қызметін құқықтық, ғылыми-консультативтік, ақпараттық-анықтамалық, ұйымдастырушылық, қаржылық, материалдық-техникалық және өзгелей қамтамасыз ету болып табылады.
15. Аппараттың функциялары:
1) конституциялық іс жүргізуді ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық, хаттамалық және өзгелей сүйемелдеу;
2) нормативтік құқықтық актілер мен халықаралық шарттарды, олардың жобаларын тиісті қорытынды дайындай отырып, құқықтық талдау;
3) Қазақстан Республикасының Конституциясын және қазіргі заманғы конституционализмнің принциптерін насихаттау, олардың ережелерін қолданыстағы заңнамада іске асыру, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар, қоғамдық ұйымдар, Қазақстан Республикасы және шетел азаматтарының арасында Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымдары мен жыл сайынғы жолдауларын түсіндіру;
4) Республика Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларының және Мемлекет басшысының құқықтық даму, заңдылық пен құқық тәртібін нығайту мәселелері бойынша өзге де бағдарламалық құжаттарының негізгі ережелерін түсіндіру;
5) Төрағаның шешімдері мен тапсырмаларын, Конституциялық Кеңестің іс жүргізуіндегі материалдар бойынша Кеңес мүшелерінің тапсырмаларын орындау;
6) басқа мемлекеттердің конституциялық бақылау органдарымен және халықаралық ұйымдармен байланысты қамтамасыз ету;
7) мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және азаматтармен қызметтік хат алмасу;
8) қаржылық және басқарушылық ақпараттардың сенімділігін және растығын, мемлекеттік орган қызметін ұйымдастырудың ішкі процестерінің тиімділігін, мемлекет активтерінің сақталуын талдау, бағалау және тексеру;
9) мемлекеттік құпияларды қорғауды және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
10) Төрағаның ұйымдастырушылық-өкімдік құжаттары жобаларын әзірлеу;
11) персоналды басқару;
12) Аппарат қызметкерлерін қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;
13) заңнаманы және Конституциялық Кеңестің кітапхана қорын есепке алу және жүйелендіру;
14) Конституциялық Кеңестің отырыстарына ұйымдастырушылық-техникалық дайындық, Кеңес хаттамаларын ресімдеу және материалдарды тарату;
15) құжаттау және Конституциялық Кеңес құжаттарын басқару;
16) Конституциялық Кеңес құрамының қызметін, оның Аппараты қызметкерлері мен басқа да қызметшілерін қаржылық, шаруашылық, материалдық-техникалық және өзгелей қамтамасыз ету;
17) бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл, сондай-ақ Конституциялық Кеңестің интернет-ресурсын ақпараттық қамтамасыз ету;
18) өзіне Қазақстан Республикасының заңнамасымен, Төрағаның өкімдерімен және бұйрықтарымен жүктелген өзге де функциялар.
16. Аппараттың құқықтары және міндеттері:
1) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және лауазымды тұлғалардан қажетті құжаттар мен материалдарды белгіленген тәртіппен сұрату;
2) мемлекеттік органдардың иелігіндегі ақпараттық дерекқорды заңнамада белгіленген тәртіппен пайдалану;
3) Аппаратқа жүктелген міндеттер мен функциялардың іске асырылуын қамтамасыз ету;
4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.
3. Аппарат қызметін ұйымдастыру
17. Аппаратқа басшылықты Аппарат Басшысы жүзеге асырады, ол Аппаратқа жүктелген міндеттердің орындалуы және оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапкершілік арқалайды.
18. Аппарат Басшысын және Аппараттың мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін қызметке Төраға тағайындайды және қызметінен босатады. Аппарат Басшысы болмаған жағдайда оның міндеттерін Төрағаның бұйрығымен айқындалатын құрылымдық бөлімшелердің бірінің басшысы атқарады.
19. Аппарат Басшысына қатысты қызметін бағалау, марапаттау, заңнамамен көзделген төлемдерді жүзеге асыру мәселелерін және мемлекеттік қызметті өткеруге байланысты өзге де мәселелерді Төраға шешеді.
20. Аппараттың мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне белгіленген үлгідегі, Төраға қол қоятын қызметтік куәлік беріледі.
21. Аппарат Басшысының өкілеттіктері:
1) Конституциялық Кеңеске жүктелген мақсаттар мен міндеттерді іске асыру жөніндегі Аппарат жұмысын ұйымдастырады;
2) Конституциялық Кеңес қызметін құқықтық, консультативтік, ақпараттық-анықтамалық, ұйымдастырушылық-қаржылық, материалдық-техникалық және өзгелей қамтамасыз етуді үйлестіреді;
3) өз құзыреті шегінде құрылымдық бөлімшелердің қызметін ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
4) Аппараттың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
5) Төраға айқындайтын іс-шаралардың іске асырылуын, оның актілері мен тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз етеді, қабылданған шешімдердің орындалу барысын бақылауды жүзеге асырады, Кеңес мүшелерінің тапсырмалары туралы Төрағаны хабардар етеді;
6) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді;
7) бөлімдердің жұмыс жоспарларын бекітеді және олардың орындалуы туралы есептерді қарайды;
8) қызмет тәртібі сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
9) Аппараттың құрылымы және штат саны туралы Төрағаға ұсыныстар енгізеді;
10) Төрағаға Аппарат туралы ережені, «Б» корпусындағы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге қойылатын біліктілік талаптарын және мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітуге ұсынады;
11) Төрағаға Аппараттың мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін ауыстыру тәртібімен немесе кадр резервінен тағайындау және қызметінен босату туралы ұсыныс енгізеді;
12) Төрағамен келісім бойынша техникалық қызметкерлерді қызметтеріне тағайындау, босату туралы шешімдер қабылдайды;
13) тәртіптік, конкурстық, сараптамалық комиссияның, «Б» корпусындағы мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің қызметтерін бағалау жөніндегі комиссияның, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссияның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және Төрағамен келісім бойынша құрылымдық бөлімшелер басшыларының қызметтерін бағалау мәселелерін шешеді;
15) Төрағаның шешімдерін орындау мақсатында Конституциялық Кеңес құрамына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген төлемдерді жүзеге асыру туралы бұйрықтар шығарады;
16) Төрағамен келісім бойынша «Б» корпусындағы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, Аппараттың мемлекеттік қызметшілері мен техникалық қызметкерлерін іссапарға жіберу, оларға демалыстар беру, материалдық көмек көрсету, марапаттау, үстеме ақы және сыйақы төлеу мәселелерін шешеді;
17) Конституциялық Кеңестің құзыретіне кірмейтін мәселелері бар жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін арызданушыға ол туралы хабарлай отырып, тиісті субъектілерге жолдау туралы шешім қабылдайды;
18) материалдық жауапты тұлғалармен толық жеке материалдық жауапкершілік туралы шарттар жасайды;
19) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді;
20) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасының талаптары орындалуын қамтамасыз етеді;
21) бюджеттік өтінім әзірленуін және Төрағаның келісімі бойынша оның кейін Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізу үшін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық атқарушы органға ұсынылуын, сондай-ақ бюджеттік процестің өзге де рәсімдері орындалуын қамтамасыз етеді;
22) бюджеттік бағдарлама әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларын (кіші бағдарламаларын) бекітеді (қайта бекітеді);
23) қаржыландыру жоспарын бекітеді;
24) Аппараттың қаржылық есебі жасалуын қамтамасыз етеді және уәкілетті органға ұсынады;
25) азаматтық-құқықтық шарттарға, оларды тіркеуге арналған өтінімдерге, хабарламаларға, төлем шоттарына және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдарында көзделген басқа да банктік, қаржы-шаруашылық құжаттарына, өтініштерге, талап-арыздарға, басқа да арыздарға, шағымдарға (өтініштерге) сенімхаттарға және іс жүргізу заңнамасында көзделген басқа да құжаттарға қол қояды;
26) мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және азаматтармен өз өкілеттігі шегіндегі өзара қарым-қатынаста Аппарат атынан өкілдік етеді;
27) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілер қабылдайды;
28) заңнамада және осы Ережеде көзделген, сондай-ақ өзіне Төраға жүктеген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4. Аппараттың мүлкі
22. Аппараттың жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.
Аппараттың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік есебінен құралады.
23. Аппаратқа бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
24. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Аппараттың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.
5. Аппаратты қайта ұйымдастыру және тарату
25. Аппаратты қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.